Фото: pixabay
ҚМА-да онлайн-казино түріндегі заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыру дерегі бойынша соталды тергеп-тексеру тіркелді, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" агенттіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ойындарға қатысу сайттарда жарияланған Telegram арнасында жарна төлеу үшін жасалған сілтеме арқылы іске асқан.
"Төлем картшоттарға және электрондық әмиянға жіберілген, оны толтырғаннан кейін ойындарға қатысу үшін логин мен пароль жасақталады. Бәс тігулер мен ұтыстарды төлеу шетелдік тұлғалардың картшоттары арқылы жүзеге асырылды.
Атырау, Ақтөбе және Ақтау қалаларының аумағында тінту жүргізіліп, оның барысында заттай айғақтар – ойын бағдарламалары бар ноутбуктер, шетелдік тұлғалар мен Қазақстан азаматтарына берілген банктік қосымшалары бар телефондар алынды.
Барлық жылжымалы және жылжымайтын мүлікке жалпы сомасы 167 млн теңгеге тыйым салынды. Сондай-ақ ұйымдастырушылар мен қатысы бар тұлғаларға тиесілі екінші деңгейлі банктердегі барлық шоттарға тыйым салынды" - делінген хабарламада.
«Онлайн» құмар ойындары тәулік бойы жүргізіліп, күнделікті айналымы шамамен 800 000 теңгені құраған. Ал заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыруға пайдаланылған картшоттарға түскен қаражаттың жалпы сомасы 3 млрд теңгеден асады.
"Күдіктілер ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Оларға қатысты сот 2 ай мерзімге «қамау» бұлтартпау шарасына санкция берді.
ҚМА азаматтарды патологиялық құмар ойындарға тәуелділіктен – лудоманиядан қорғау жұмысын жалғастырады" - делінген Қаржылық мониторинг агенттігі хабарламасында.
ҚР Конституциясының 77-бабының 3-тармағының 1-тармақшасына және ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 19-бабының 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әркім кінәсіз деп есептеледі.