Сурет: ҚР ҰҚК баспасөз қызметі
Жыл басынан бері Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен ІІМ Ресейдің ФҚҚ-мен бірлесіп, Байқоңыр қаласы мен Қызылорда облысындағы криминогендік жағдайды сауықтыру бойынша іс-шараларды жүзеге асырып жатыр, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ҰҚК баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бұған дейін хабарланғандай, қаңтарда екі елдің арнайы және құқық қорғау органдары Қазақстан мен Ресей азаматтары қатысқан қоғамға қауіпті қылмыстық топтың қызметін тоқтатқан.
"Аталған жұмысты жалғастыра отырып, ҰҚК аса қатыгездікпен ерекшеленетін кезекті ұйымдасқан қылмыстық топты жедел зерделеуге алды. Оның қатысушыларының ауыр қылмыстарға (кісі ұрлау, бопсалау, ұрлық, кісі өлтіруге оқталу) қатысуы құжатталды.
15-16 наурызда ҰҚК-ФҚҚ, сондай-ақ ІІМ және прокуратура қызметкерлері қатарынан мемлекетаралық жедел-тергеу тобы Алматы, Қызылорда және Байқоңыр қалаларында қылмыстық әрекеттің 13 жетекшісі мен белсенді қатысушыларын ұстау бойынша біржолғы арнайы операция жүргізді", - делінген хабарламада.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды, ұсталғандардың өзге де қылмыстар жасауға қатыстылығы анықталып жатыр.