Фото: Polisia.kz
Ақмола мен ШҚО-да ірі көлемдегі ұрлық ашылды – күдіктілер ұсталды деп хабарлайды Ult.kz.
Ақмола облысында полицейлер ішінде 24 миллион теңге болған Mercedes-Benz автокөлігін айдап кеткендерге қатысты істі ашты. Көліктің жоғалғаны туралы хабар түсе сала тәртіп сақшылары жедел іздестіру шараларын бастап, бейнебақылау камераларын талдап, күдіктілердің қозғалыс бағытын анықтаған.
Үш күннің ішінде полицейлер Қызылорда облысының екі тұрғынын ұстап, олар қамауға алынды.
Шығыс Қазақстан облысында да ірі көлемдегі ұрлықтың беті ашылды. Өскемен қаласының 34 жастағы тұрғыны үйіне белгісіз адамның кіріп, 10 миллион теңге мен зергерлік бұйымдарын ұрлап кеткенін айтып, полицияға жүгінген.
Тергеу барысында күдіктінің пластикалық терезе арқылы үйге кіргені анықталды. Жедел әрекет нәтижесінде 33 жастағы ер адам ұсталып, ұрланған мүлік толықтай иесіне қайтарылды.
Екі факті бойынша сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр.
