ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев елдегі төмен көміртекті дамуға көшу жұмыстарын баяндады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Биыл жаңа Экологиялық кодекс қабылданды. Мұның өте заманауи және реформаторлық құжат екенін айтқым келеді. Расында да өте мазмұнды кодекс шықты. Ондағы барлық новеллаларды сапалы және уақтылы жүзеге асыра алсақ, оң өзгерістерді көреміз. Экологиялық кодексте белгіленген барлық нормалар бірінші кезекте таза ауа, қалдықтарды қайта өңдеу сияқты өзекті мәселелерді шешуге бағытталған. Климаттық өзгерістер проблемасына оралсақ, мұнда басқаша жұмыс істеу керек. Төмен көміртекті дамуға көшу қажет», - деді Мағзұм Мырзағалиев Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығында өткен жастармен кездесуде.
Экология министрі өткен жылы 2050 жылға дейінгі төмен көміртекті экономика тұжырымдамасын дайындау бойынша белсенді жұмыс басталып кеткенін еске салды.
«Бұл өте күрделі және қиын жұмыс. Біздің барлық энергетикамыздың 70% - көмірге тиесілі. Сәйкесінше, көмірден бас тарту оңай емес. Бұл қаржылық салымды қажет ететін қиын міндет. Бірақ бұл мәселелерді шешуіміз керек және 2050 жылға дейін төмен көміртекті экономикаға ауысып, 2060 жылға қарай – көміртекті бейтараптық деп аталатын бірқатар елдерге қосылуымыз керек», - деп атап өтті Мырзағалиев.
Айта кетейік, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні қарсаңында эковолонтерлермен, экологиялық факультеттердің студенттерімен кездесті және Қазақстандағы басты экологиялық проблемалар туралы айтып берді.