05 жел, 2023 сағат 18:38

2025 жылға қарай мектептерге 14 мың бастауыш сынып мұғалімі қажет болады – министр

© AFP 2023 / TOBIAS SCHWARZ

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев балабақшалар мен мектептерге кадр даярлау үшін қандай шаралар қабылданып жатқанын айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Министрдің ақпаратынша, қазір колледждерде мектепке дейінгі ұйымдарға қажет 13 мың тәрбиеші және 15 мыңнан астам бастауыш сынып мұғалімі даярланып жатыр.

"Демографиялық ахуалға байланысты 2025 жылға қарай балабақшаларға 15 мыңнан астам тәрбиеші, мектептерге 14 мыңнан аса бастауыш сынып мұғалімі қажет болады. Осыны ескере отырып, педагог кадрларын даярлауға бөлінетін мемлекеттік тапсырыс жыл сайын ұлғайтылуда", - деді Бейсембаев Үкімет отырысында.

Айтуынша, жаңадан ашылатын мектепке дейінгі ұйымдар мен "Жайлы мектеп" жобасы аясында салынатын білім ошақтарына мамандар қажет болады. Осыны ескере отырып, барлық өңір әкімдіктері, әсіресе, Алматы, Астана және Шымкент қалалары мен Алматы, Атырау, Түркістан облыстарының әкімдіктері мемлекеттік білім беру тапсырысын өңірдегі қажеттілікке қарай саралап, бөлгені жөн.

Сондай-ақ министр кадрларды даярлау сапасын арттыру және әдістемелік қамтамасыз ету мақсатында "Педагог" кәсіптік стандарты бекітілгенін айтты. Оның негізінде білім беру бағдарламаларын әзірлеу үшін әдістемелік ұсынымдар әзірленді. 6 мыңнан астам педагог бағдарламаларды әзірлеудің жаңа тәсілдері бойынша біліктілігінін арттырды.

"Нәтижесінде колледждер жұмыс берушілермен бірлесіп, "Педагог" кәсіптік стандарты негізінде 554 бағдарламаны жаңартып, іске асыруда. Студенттер балабақшалар мен мектептерде кәсіптік практикадан өтеді. Бітіруші түлектер жұмысқа орналасар алдында біліктілігін растау үшін міндетті түрде сертификаттаудан өтіп, содан кейін ғана конкурсқа қатыса алады", - деп мәлімдеді ведомство басшысы.

Биылдан бастап Оқу-ағарту министрлігі колледждерге қойылатын біліктілік талаптарын күшейткен. Атап айтқанда, кемінде 5 педагогика мамандығы бойынша лицензияның болуын және бітірушілердің кемінде 90%-ін жұмысқа орналастыруды қамтамасыз етуге тиіс.

Бұдан бөлек, академиялық ұтқырлық, мамандық бойынша лицензиялау, мұғалімдерді даярлауда қашықтан оқытуды шектеу мәселесі заңнамалық тұрғыда бекітіліп жатыр.