05 қар, 2021 сағат 16:10

2025 жылға қарай 418 индустриялық жоба іске асырылады – Әсет Ерғалиев


2025 жылға қарай 418 индустриялық жоба іске асырылады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында ҚР Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның атап өтуінше, «Қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған орнықты экономикалық өсу» ұлттық жобасы 5 бағытты қамтиды. Бұл - индустриялық-инновациялық даму, мұнай-газ-химия және энергетика кешендерін, геология саласын дамыту, сондай-ақ шикізаттық емес экспортты ілгерілету. Осы бағыттарды іске асыру аясында 6 міндет, 13 көрсеткіш және 56 іс-шара көзделген. Ұлттық жобаны қаржыландырудың жалпы көлемі 15,9 трлн, оның ішінде республикалық бюджеттен 402 млрд теңге қарастырылған. 15,5 трлн теңге жеке инвестициялар тарту көзделіп отыр. Ұлттық жобаның «Индустриялық-инновациялық даму» бағыты аясында екі негізгі міндет айқындалды: өңдеуші өнеркәсіп кәсіпорындарын технологиялық жаңғырту, сондай-ақ өндіріс көлемін ұлғайту, сондай-ақ өңдеу өнеркәсібі тауарларының номенклатурасын кеңейту. 

«Бірінші міндетті шешу үшін кәсіпорындардың жаңа технологияларды сатып алуға және енгізуге, жабдықтарды монтаждауға және іске қосу-жөндеу жұмыстарына, сондай-ақ біліктілікті арттыруға, технологиялық жабдықтарды сатып алуға және кредит беру, оның ішінде лизинг шарттарын жақсартуға жұмсалған шығындарын өтеуге бағытталған кешенді іс-шараларды іске асыру көзделеді», - деді ол. 

Оның атап өтуінше, 2025 жылға дейін өңдеуші өнеркәсіптегі цифрлық технологияларды пайдаланатын кәсіпорындардың үлесін 7-ден 23 пайызға дейін арттыру жоспарланған. 

«2025 жылға қарай 418 индустриялық жоба іске асырылып, негізгі капиталға 11 трлн теңгеден аса инвестиция тартылады. Нәтижесінде өңдеу өнеркәсібі өндірісінің көлемі 2020 жылдың деңгейіне 1,5 есеге артады», - деді Әсет Ерғалиев.