ҚР 2025 жылға дейінгі аумақтық даму жоспарының жобасы Ұлттық экономика министрлігінде түсіндірілді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Бүгін сарапшылар қауымдастығы мен ҚР Парламенті депутаттарының қатысуымен Talap Talks алаңында өт өтікзілген дөңгелек үстел барысында Ұлттық экономика вице-министрі Әлішер Әбдіқадыров ҚР 2025 жылға дейінгі аумақтық даму жоспарының жобасымен таныстырды.
«Біз ішкі және сыртқы әлеуметтік-экономикалық үрдістер мен сын-қатерлерге талдау жасадық, Қазақстанға әсер ететін аумақтық-кеңістіктік дамудағы халықаралық тәжірибе мен жаһандық үрдістер зерделенді. Жоспардың ағымдағы жобасы Мемлекеттік жоспарлау жүйесінде қабылданған өзгерістерді ескерді», - деді Ә. Әбдіқадыров.
Жаңа жоспарда елдің әлеуметтік-экономикалық және аумақтық-кеңістіктік дамуына елеулі ықпал ететін 6 негізгі бағыт айқындалды.
Бұл аймақтандыру, экономикалық қуаттың Қытайға ауысуы, климаттың өзгеруі, цифрландыру және автоматтандыру, сондай-ақ мұнайға сұраныстың төмендеуі.
«Урбандалудың әлемдік тренді біздің елде де айқын көрінуде. 10 жыл ішінде қала халқының өсу қарқыны ауыл халқына қарағанда 8 есе, елдің барлық халықтың өсу қарқынынан 1,6 есе асып түсті. Урбанизацияның дамуы тек қиындық ретінде ғана емес, мүмкіндік ретінде де қабылдануы керек. Экономикалық есептеулер қала халқы санының 1% өсуі ЖІӨ-нің 0,27% артуына алып келетінін көрсетеді», - деді Әлішер Әбдіқадыров.
Бүгінгі таңда Қазақстанда агломерациялар мен басқа да ірі қалалардың озық демографиялық өсуі олардың серпінді экономикалық дамуымен қатар жүруде.
Агломерациялардың төрт орталығының үлесіне қазір ел халқының 22% және ел ЖІӨ-нің 33% тиесілі.
Ал 14 ірі қалада (облыс орталықтары мен Семей қ.) соңғы 10 жылда халық саны 13,1% - ке өсті.
Олардың үлесіне өңірлік сауданың 68%, елдің өнеркәсіптік өндірісінің 22,3%, негізгі капиталға инвестициялардың жалпы республикалық көлемінің 20,1% тиесілі.
Бұл факт қалалардың «экономикалық өсу орталығы» ретіндегі рөлінің артқанын және олардың арасында таланттар, ресурстар және адами капитал үшін бәсекелестіктің күшейгенін айғақтайды.
Елдің аумақтық-кеңістікте дамуы елдің аумақтық тұтастығы, өңірлердің дербестігі, экономикалық ресурстардың шоғырлануы, елдің ішкі және сыртқы байланыстылығы қағидаттарын сақтауға, базалық стандарттарды қамтамасыз етуге негізделмек.
Сондай-ақ елдің аумақтық даму жоспарында 4 тәсіл көзделеді.
Олар: өңірлердің бәсекелестік артықшылығы негізінде «өсу нүктелерін» дамыту, басқарылатын урбандалу, «адамдар инфрақұрылымға» қағидаты бойынша ауылдық аумақтарды дамыту, халықтың аумақтық байланыстылығы мен ұтқырлығын қамтамасыз ету.
Олар 11-Орнықты даму мақсатының өлшемдері негізінде анықталды. Әрбір тәсілдің өзіндік даму бағыты бар.
«Ауылдық аумақтарды дамыту «Ауыл – ел бесігі» жобасында айқындалған басымдықтар шеңберінде жалғастырылады. Өңірлік стандарттар жүйесі де жалғасын табады. Жекелеген ірі ауылдарды қала санатына ауыстыруда олардың мәртебесін қайта қарау маңызды бағыт болмақ. Экономикалық дәліздерді дамыту шарасы ел аумағының экономикалық байланыстылығы деңгейін арттырады», - деді ұлттық экономикалық ведомство министрінің орынбасары.
Іс-шараға ҚР Парламенті Мәжілісінің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы Альберт Рау, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Юлия Кучинская мен Әмірхан Рахымжанов, «Ақ жол» партиясы төрағасының орынбасары Меруерт Қазбекова және «Bank RBK» АҚ Директорлар кеңесінің төрағасы Болат Жәмішев және басқалар қатысты.
Ұлттық экономика министрлігі елдің аумақтық-кеңістіктік даму саясатын көрсететін стратегиялық құжат болып табылатын 2025 жылға дейінгі Аумақтық даму жоспарының жобасын әзірлеп жатқаны белгілі.