06 қар, 2021 сағат 01:34

2025 жылға дейін Қазақстанда мұнай-газ өндіретін бес зауыт салынады


Елімізде 2025 жылға дейін салынатын химиялық мұнай-газ өндіретін зауыттарды салу барысы туралы ҚР Энергетика министрінің бірінші орынбасары Мұрат Жөребеков айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында ҚР Энергетика министрінің бірінші орынбасары Мұрат Жөребековке «Сіз 2025 жылға дейін Қазақстанда химиялық мұнай-газ өндіретін бес зауыт салынады дедіңіз. Жаңадан салынатын зауыттар туралы толығырақ айтып өтсеңіз?» деген сауал қойылды. 

«5 зауыттың бірі Атырау облысында салынбақ, онда газ өнделеді. Бүгінде зауыттың құрылысы басталып кетті, 2023 жылдың соңына қарай пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз. Аталған өңірде салынып жатқан екінші зауыт полипропилен шығаратын болады. Құрылыс жұмысының 95 пайызы бітіп тұр, қолданысқа келесі жылы беріледі. Үшінші зауытта Атырау аумағында салынып жатыр ол полиэтилентерефталат жасаумен айналыспақ. Қуаты 430 мың тоннаны құрайды. Бұл өнеркісіп құрылысын аяқтау 2024 жылға жоспарлануда. Төртінші зауыт полипропилен ұнтағы мен бинзинге арналған октан көтеретін қоспа шығарады. Зауыт Шымкентте салынып жатыр, 2024 жылы пайдалануға беріледі. Және бесінші метанол шығаратын өнеркәсіп БҚО-да тұрғызылмақ. Зауыт құрылысы әлі басталған жоқ, бірақ жоспар бойынша 2023 жылы іске қосылуы тиіс», - деп жауап берді Мұрат Жөребеков тілшінің сұрағына. 

Оның айтуынша, аталған зауыттар 2025 жылға дейін пайдалануға берілуі тиіс.