18 қар, 2021 сағат 15:30

2024 жылы республикалық бюджет кірісі 50 пайызға артады - Әлихан Смайылов


2024 жылы республикалық бюджет кірісі 50 пайызға артады. Бұл туралы Сенаттың жалпы отырысында ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Әлихан Смайылов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Үкімет Мемлекет басшысының тапсырмасымен 2030 жылға дейінгі мемлекеттік қаржыны басқарудың жаңа тұжырымдамасының жобасын әзірледі. Онда салық-бюджет саясаты, Ұлттық қор қаражатын пайдалану саясаты, мемлекеттік қарыз және басқа да мәселелер көрініс тапқан. Мемлекеттік қарызды басқару мәселесі кешенді түрде шешіледі. Бюджеттің өзіндік кірісі жалпы ішкі өнім өсімінің атаулы қарқынынан жоғары қарқынмен өсетін болады. Мәселен, республикалық бюджеттің өзіндік кірісі 7,2 трлн теңге болса, 2024 жылы өзіндік кіріс 10,4 трлн теңге болады. Яғни, өсім - 50 пайызға жуық», - деді ол сенаторлардың сауалына орай. 

Оның атап өтуінше, салықтық-кедендік әкімшілендіруді одан ары цифрландыру, тауарларды қадағалаудың ұлттық жүйесін енгізу жалғасады. 

Салық заңнамасына өзгертулер енгізіліп, халықаралық салық салу, трансферттік баға түзу, акциз саясаты жетілдіріледі. 

«Сонымен қатар газ-метталургия кешені бойынша да ұсыныстармен келеміз. Мұның барлығы Ұлттық қор қаражатын пайдалануды қазіргі 4,5 трлн теңгеден 2024 жылға қарай 2,4 трлн теңгеге дейін, яғни 2 есеге қысқартуға мүмкіндік береді», - деді Әлихан Смайылов.