08 мау, 2021 сағат 18:44

2023 жылы Ұлттық қордан алынатын қаражат 2,2 трлн теңгеге дейін қысқарады


Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Әлихан Смайылов Мәжіліс депутаттарының сауалына берген жауабында 2023 жылға қарай Ұттық қордан алынатын қаражат 2,2 трлн теңгеге дейін қысқартылатынын айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«2021 жылы Ұлттық банкпен бірлесіп мұнайдың есептік бағасын айқындау тәртібін әзірлеу жоспарлануда. Осыны ескере отырып, контрциклдік қағида мұнай бағасы жоғары болған кезде Ұлттық қордың қаражатын көбірек жинауға және мұнай бағасы төмен болған кезде бюджеттің теңгерімділігі үшін кепілдендірілген трансфертті ұлғайтуға мүмкіндік береді. Бұл фискалдық саясаттың шамадан тыс шығындар мен қарыз алудың өсуіне алып келетін тапшылықты кеңейту жағына ауытқуын бейтараптандыруға мүмкіндік береді», - деп жазады Әлихан Самйылов.

Премьер-Министрдің бірінші орынбасары контрциклдік бюджет қағидасының тетігі 2023 жылға арналған республикалық бюджетті қалыптастыру кезінде қолданылатынын ескертеді.

«Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферт мөлшері біртіндеп қысқаратын болады. Мәселен, 2021 жылы кепілдендірілген трансфертті 2,7 трлн теңгеге, 2022 жылы 2,4 трлн теңгеге, 2023 жылы 2,2 трлн теңгеге дейін қысқарту көзделген», - деп жазылған Әлихан Смайыловтың жауабында.