Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Әлихан Смайылов Мәжіліс өкілдерінің Ұлттық қор қаражатын пайдалану тұжырымдамасын қайта қарау туралы ұсынысына жауап берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Контрциклдік бюджет қағидасы тетігі 2023 жылға арналған республикалық бюджетті қалыптастыру кезінде қолданылатынын ескере отырып, қолданыстағы Тұжырымдама шеңберінде тиісті тәсілдердің тиімділігін қарау орынды болады деп санаймыз», - делінген депутаттық сауалға берілген жауапта.
Сондай-ақ, ол Ұлттық қордан бөлінген қаражаттың жұмсалуына мониторинг жасайтын комиссия бар екенін еске салады. Қазір бұл комиссияның құрамына Үкімет мүшелері, Парламент депутаттары, құқық қорғау органдары мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері кіріп отыр.
«Аталған комиссияны Есеп комитетінің төрағасы басқарады. Комиссия тұрақты негізде Ұлттық қордан бөлінген қаражаттың мақсатты, заңды және тиімді пайдаланылуына мониторингтеуді жүзеге асырады. Сондай-ақ, Ұлттық қордың қаражаты есебінен қаржыландырылатын инфрақұрылымдық және индустриялық жобалардың іске асырылуына мониторинг және қаржылық бөлігіне аудит жүргізеді. Осылайша, қазіргі күні Үкімет Ұлттық қордың басқару стратегиясының тиімділігін арттыру бойынша тұрақты түрде жұмыс жүргізуде», - деп жазады Әлихан Самйылов.