10 қар, 2021 сағат 12:15

2022 жылы инфляциялық қысым жоғары болып қала береді – Ұлттық банк


Жалпы әлемдік инфляциялық фон жоғары күйінде қалуда. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев Үкіметте айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Дамыған және дамушы елдер көпжылдық ең жоғары көрсеткіштердің жаңаруын тіркеуде. Биылғы қыркүйекте АҚШ-тағы инфляция рекордтық 5,4%-ке дейін, қазанда – Еуроодақ пен Ресей Федерациясында тиісінше 4,1%-ке және 8,1%-ке дейін өсті. Қытайда монетарлық саясат бойынша шешім қабылдауда басты назар аударылатын өндірушілер бағасының өсуі биылғы қыркүйекте 10,7% болды», - деді Досаев Үкімет отырысында. 

Халықаралық валюта қорының бағалауы бойынша, қысқа мерзімді кезеңде сақталып отырған күтпеген өзгерістер тоқтағанда дамыған және дамушы елдердегі инфляция 2022 жылдың ортасына қарай қалыпқа келеді. Олардың бағалауынша, сұраныс пен ұсыныстың ұзақ теңгерімсіздігі, тауар жеткізудегі іркілістер және шикізат пен азық-түлік тауарларына бағаның өсуі кезінде инфляцияны тұрақтандыру 2024 жылға дейін созылуы мүмкін. 

«Биылғы қазанда әлемдік азық-түлік бағасы 10 жылдағы ең жоғары деңгейге жетіп, өсуін жалғастырды. ФАО индексі бір айда 3,9%-ке өсіп, өсімдік майының, дәнді дақылдар мен сүт өнімдерінің қымбаттауы есебінен 133,2 тармаққа жетті. Ұлттық банктің бағалауы бойынша, сақталып отырған теңгерімсіздік пен үдеп келе жатқан инфляциялық күтулерді ескерсек, 2022 жылы Қазақстанды қоса алғанда, дамушы елдерде инфляциялық қысым жоғары болып қала береді», - деді Досаев.