Бүгінгі Үкімет отырысында Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев Елбасының бес әлеуметтік бастамасын негізге ала отырып бірқатар мемлекеттік органдарға жоғары білім саласында жыл сайын қосымша 20 мың грант бөлу мен студенттерге ең кемі 75 мың орындық жатақхана салуды тапсырды, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.
«Білім және ғылым министрлігі Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Ұлттық экономика, Қаржы министрліктерімен, басқа да мүдделі мемлекеттік органдармен, өңір әкімдерімен бірлесіп, жаңа экономикалық сұранысқа ие мамандардың қажеттілігін талдау кезінде 2018-2021 оқу жылдарына арналған жоғары және жоғары білімнен кейінгі кадрларды дайындау мемлекеттік білім беру тапсырмасын бекіту туралы қаулы жобасын Мемлекет басшысының тапсырмаларын ескере отырып әзірлесін. Жоба гранттар санын 20 мыңға арттыруды, сондай-ақ техникалық және ауыл шаруашылығы мамандықтары бойынша құнын ЖОО-дағы гранттар деңгейіне дейін көтеруді қамтамасыз етуі тиіс. Білім және ғылым министрлігі Қаржы, Экономика министрлігімен бірлесе республикалық бюджетті нақтылау барысында аталған мәселелерді ескерсін», - деді Бақытжан Сағынтаев.
Ол 2021 жылдың соңына дейін студенттерді қосымша 75 мың орындық жатақханамен қамтуды тапсырды.
«Ұлттық экономика, Қаржы, Инвестициялар және даму министрліктеріне өңір әкімдерімен бірлесіп ЖОО, колледждер және девелоперлік компаниялармен мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында жатақхана салу жұмыстарын пысықтап, 2021 жылдың соңына дейін ең кемі 75 мың қосымша орынды пайдалануға беруді қамтамасыз етсін. Бұл мәселеге жауапты - Сағадиев», - деді Премьер-министр.