12 мам, 2021 сағат 16:56

2022 жылдан бастап сұйытылған мұнай газы электронды сауда арқылы сатылады


2022 жылдың 1 қаңтарынан сұйытылған мұнай газы электронды сауда алаңдары арқылы сатылады. Бұл туралы Мәжіліс депутаттарының сауалына ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Роман Склярдың жауабында айтылған, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

ҚР Энергетика министрлігі 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап тауарлық газдың шекті көтерме бағасын өңірлерге байланысты 3,8 пайыздан бастап 17,5 пайыз шегіне дейін төмендетті және осы уақытқа дейін көтерілген жоқ. Бұған қоса, ішкі нарыққа арналған тауарлық газдың бұл бағасы өзіндік құнынан төмен. Сұйытылған мұнай газының көтерме бағасын Энергетик министрлігі елдің ішкі нарығына арналған жеткізілім жоспары аясында ай сайын қалыптастырып отырады», - деді вице-премьер.

Мәселен, оның атап өтуінше, 2021 жылдың 1 және 2-тоқсанына сұйытылған мұнай газының ішкі нарықтағы көтерме бағасы қосылған құн салығынсыз тоннасына 38701 теңге мөлшерінде бекітілген. Ал 2020 жылдың 3 тоқсанында сұйытылған мұнай газына әлемдік бағаның төмендеуіне байланысты тоннасына 28 мың теңге болған еді.

«2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап топтық резервуарлық қондырғылар арқылы тұрмыстық тұтынушылар және мемлекеттік баға реттеу сақталатын мұнай газ-химия кәсіпорындарына арналған сұйытылған мұнай газы көлемін қоспағанда, сұйытылған мұнай газының барлық көлемі электронды сауда алаңдарында сатылатындығын атап өткен жөн. Бұл газды қайта өңдеудің инестициялық тартымдылығын арттыруға, ішкі нарыққа жеткізілетін сұйытылған мұнай газын бөлу ашықтығын көтеруге және ішкі нарыққа арналған сұйытылған мұнай көлемінің «көлеңкелі» экспортын төмендетуге мүмкіндік береді», - деді Роман Скляр.