21 қаз, 2020 сағат 10:40

2021 жылы Ұлттық қордан 1 трлн теңге мөлшерінде нысаналы трансферт тартылмақ

Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов 2021 жылы Ұлттық қордан 1 трлн теңге мөлшерінде нысаналы трансфертті тарту ұсынысын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Әлеуметтік-экономикалық саясаттың негізгі басымдықтары инвестициялық және бизнес ахуалды жақсарту, сапалы адами капитал және теңгерімді өңірлік даму болады», - деп тоқталды министр. 

2021-2023 жылдарға арналған үшжылдық бюджетті қалыптастыру кезінде келесі болжамды параметрлер қолданылды:

1) Жалпы ішкі өнімнің 2021 жылы 2,8%, 2022 жылы 3,7% және 2023 жылы 4,6 пайыздық нақты өсуі. 

2) 2021-2022 жылдары инфляция 4-6% және 2023 жылы 4-5%.

3) Мұнай өндіру көлемінің 2021 жылы 86 млн тонна, 2022 жылы 89,6 млн тонна және 2023 жылы 100,8 млн тонна деңгейінде болуы. 

4) Консервативті тәсілді ескере отырып, 2021-2023 жылдары мұнай бағасы бір барреліне 35 доллар деңгейінде алынды.

«Осы макроэкономикалық көрсеткіштер негізінде келесі бюджет параметрлерінің болжамы қалыптасты. Республикалық бюджеттің кірістері (трансферттерді есепке алмағанда) 2021 жылы- 6 трлн 926 млрд теңгені, 2022 жылы - 8 трлн 566 млрд теңгені, 2023 жылы 9 трлн 217 млрд теңгені құрайды», - деп нақтылады Р. Дәленов. 

Кепілдендірілген трансфертті 2021 жылы – 2 трлн 700 млрд теңге, 2022 жылы – 2 трлн 400 млрд теңге және 2023 жылы – 2 трлн 200 млрд теңге мөлшерінде айқындау ұсынылады.

«Даму бағдарламаларын қаржыландыруды ұлғайту үшін 2021 жылы Ұлттық қордан 1 трлн теңге мөлшерінде нысаналы трансфертті тарту ұсынылады. Осылайша, болжам бойынша түсімдер 2021 жылы 11,4 трлн теңге, 2022 жылы – 11,8 трлн теңге, 2023 жылы 12 трлн теңгені құрайды», - деді ведомство басшысы. 

Республикалық бюджеттің шығыстары 2021 жылы 14 трлн 049 млрд теңге, 2022 жылы 13 трлн 873 млрд теңге, 2023 жылы 13 трлн 889 млрд теңге көлемінде болжануда.

«Жалпы, әлеуметтік-экономикалық даму болжамы макроэкономикалық тұрақтылықты сақтауға және нәтижелі жұмыспен қамтуға, сонымен қатар ұлттық экономиканы тұрақты және сапалы дамытуға бағытталған», - деді Руслан Дәленов.