2021 жылы су шығыны 273 млн текше метрге азайды. Бұл туралы ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Серік Қожаниязов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, трансшекаралық ағынға тәуелділікті азайту және суармалы жерлерді қалпына келтіруді қамтамасыз ету үшін су шаруашылығы инфрақұрылымын салу, қайта жаңарту, суару каналдарын цифрландыру бойынша жұмыс жүргізілуде. Су басу қаупін жою және қауіпсіз пайдалануды қамтамасыз ету мақсатында авариялық су қоймалары мен гидротехникалық құрылыстарды реконструкциялау жүргізіледі. Қазіргі таңда 16 гидротехникалық құрылыстары қайта жаңартылды. Оның ішінде 2021 жылы Алматы, Шығыс Қазақстан, Қызылорда және Түркістан облыстарында орналасқан 4 нысан қалпына келтірілді», - деді ол министрліктің алқа мәжілісінде.
Вице-министрдің дерегінше, 9 жаңа су қоймасын салу аясында өткен жылы Түркістан облысындағы «Кеңсай-Қосқорған-2» су қоймасы пайдалануға берілді. Қалғандары бойынша техникалық-экономикалық негіздемелер мен жобалау-сметалық құжаттамалар әзірленуде.
Республикалық бюджет және халықаралық қаржы ұйымдарының қарыздары есебінен 1 050 шақырым суару каналдары қайта жаңартылды. Бұл 78 мың гектарды қалпына келтіруге және 13 мың гектар суармалы жерді сумен қамтамасыз етуді жақсартуға мүмкіндік берді. Бұдан басқа, 2021 жылы каналдардағы 6 мыңға жуық гидротехникалық құрылыстар қайта жаңартылды және тік дренаждың 95 ұңғымасы қалпына келтірілді. 16 канал цифрландырылды. Нәтижесінде су шығыны 273 млн текше метрге азайды», - деді Серік Қожаниязов.