12 қар, 2021 сағат 14:44

2021 жылы шағын және орта бизнесті кредиттеу 18,6%-дан асты


ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова пандемияда шағын және орта бизнеске қандай көмек көрсетілгенін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Соңғы екі жылда әлемдегі, біздің еліміздегі және қаржы секторындағы жағдай айтарлықтай өзгерді. Әлем коронавирус пандемиясынан туындаған бұрын-соңды болмаған дағдарысқа ұшырады. 2020 жылғы дағдарыс біздің еліміз үшін де барынша маңызды сын-қатер болды. Экономика мен қаржы жүйесіне күйзелістердің әсерін жұмсарту үшін реттеушінің бірінші кезектегі міндеті – қаржы нарығының тұрақтылығын қамтамасыз ету, капитал мен банк өтімділігін, сақтандыру ұйымдарының және қаржы нарығындағы басқа қатысушылардың тұрақтылығын қолдау болды», - деді М. Әбілқасымова Қазақстан қаржыгерлерінің IX Конгресінде. 

Осыған орай 2020 жылғы наурыздан бастап қаржы ұйымдарының капиталына және өтімділігіне қойылатын талаптарды бәсеңдетуге бағытталған пруденциялық реттеудің уақытша шаралары енгізілді.

«Экономикалық белсенділіктің төмендеуі жағдайында бизнес субъектілері үшін кредиттердің қолжетімділігін қамтамасыз ету маңызды болды. Ұлттық банк Бизнесті жеңілдікпен кредиттеу бағдарламасын іске қосты, сондай-ақ қарыздарға кепілдік беру және субсидиялау бойынша БЖК-2025 құралдары кеңейтілді», - деп атап өтті спикер. 

Мемлекет басшысының тапсырмасымен экономиканың зардап шеккен секторларында кәсіпкерлерге қолдау көрсету үшін барлық ШОБ субъектілеріне 6%-ға дейін мөлшерлемелерді субсидиялау қамтамасыз етілді, ол биылғы 31 тамызға дейін ұзартылды. Субсидияларды 740 млрд теңгеге 4 839 компания алды.

«Банктер дағдарысқа қарсы шараларды қолдады және 2020 жыл бойы және 2021 жылдың бірінші жартысында зардап шеккен салаларда ШОБ үшін кредиттерді кейінге қалдырып, қайта құрылымдады. Нәтижесінде 2019 жылғы 13% болған теріс мәнмен салыстырғанда 2020 жылды ШОБ кредиттерінің 7,2%-ға өсуімен аяқтадық. 2021 жылғы сәуірден басталған экономикалық өсуді қалпына келтіру аясында биылғы 9 айда ШОБ кредиттерінің өсуі 18,6%-дан, ал экономикаға кредиттердің жалпы өсуі 16%-дан асты», - деді ҚНРДА төрағасы.