2021 жылы Қазақстанда мұнай өндіру көлемі 86 млн тоннаға дейін ұлғайтылуы мүмкін. Бұл туралы ҚР Энергетика министрлігінің алқа мәжілісінде ведомство басшысы Нұрлан Ноғаев айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Пандемия салдарынан біраз зардап шеккен мұнай өнеркәсібінің негізгі көрсеткіштеріне тоқталатын болсам, 2020 жылдың қорытындысы бойынша мұнай және конденсат өндіру көлемі 85,7 млн тоннаға жетті. 2021 жылдың қаңтар айында қолданылған шектеулерді (-17%) ескере отырып, ең пессимистік сценарий бойынша 2021 жылға арналған болжамды өндіру көлемі – 83,4 млн тонна. Бұл ретте бүгінгі таңда әлемдік мұнай нарығы мен мұнайдың баға белгіленімдерінің бірте-бірте қалпына келу үрдісі байқалуда. 86 млн тонна жоспарды орындау күтілуде», - деді министр.
Оның айтуынша, 2020 жылдың қорытындысы бойынша мұнай экспорты 68,5 млн тоннаны құрады. 2021 жылға арналған жоспар- 67,5 млн тонна.
«Мұнай өңдеу көлемі 2020 жылдың қорытындысы бойынша 15,8 млн тоннаға жетті. 2021 жылға арналған жоспар – 17 млн тонна. Мұнай өнімдерін өндіру көлемі 2020 жылдың қорытындысы бойынша 11,8 млн тоннаға жетті. 2021 жылға арналған жоспар- 12,4 млн тонна», - деді Н. Ноғаев.