16 мау, 2022 сағат 12:20

2021 жылы Қазақстан экономикасы пандемияға дейінгі деңгейге оралды


Өткен жылы Қазақстан экономикасы жылы 4,1%-ға өсіп, пандемияға дейінгі деңгейге оралды. Бұл туралы ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Ғалымжан Пірматов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Айта кетейік, Сенатта «2021 жылғы республикалық бюджетті орындау туралы» ҚР Үкіметінің және республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің баяндамасы тыңдалып жатыр. 

«2021 жылы әлемдік экономика пандемияға дейінгі деңгейге қайта оралды. Жаһандық жалпы ішкі өнімнің өсуі 6,1%-ды құрап, 40 жылдан астам уақыт ішінде ең жоғарғы көрсеткішке жетті. Қазақстан экономикасы да 2021 жылы 4,1%-ға өсіп, пандемияға дейінгі деңгейге оралды. Әлемдік экономиканың тез қалпына келуі шамадан тыс сұранысқа әкеп соқтырды және шикізат, материалдар мен азық-түлік бағасы қатты қымбаттады. Бұл энергетикалық дағдарыспен бірге әлемнің көптеген елдерінде рекордтық инфляцияға әкелді», - деді Пірматов Сенаттың жалпы отырысында. 

Оның айтуынша, жаппай вакцинация мен шектеулердің әлсіреуі, жаһандық іскерлік белсенділіктің жоғарылауы мен дағдарысқа қарсы ауқымды шаралар жүргізу арқылы әлемдік экономиканың тез қалпына келуінен сыртқы инфляциялық қысым өсті. 

Сыртқы факторлармен қатар жекелеген тауар нарығындағы ішкі теңгерімсіздік елдегі инфляциялық қысымды күшейтті. 

«2021 жылдың бірінші жартысында инфляциялық процестердің тұрақтануына қарамастан, жылдың ортасынан бастап инфляция азық-түлік, шикізат пен материалдар бағасының жалпы әлемдік трендінің аясында жеделдей бастады. Жазғы кезеңде көкөніс нарығындағы теңгерімсіздік, жанар-жағармай және реттелетін қызметтер бағасының өсуі – ішкі проинфляциялық триггерлер болды. Осы жағдайда Ұлттық банк Үкіметпен бірлесіп, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, инфляцияны 8,5% шегінде ұстап тұру бойынша шаралар қабылдады», - деді Пірматов.