Елордада соңғы 5 жылда кәмелетке толмағандар арасында суицид әрекеттерінің 380 жағдайы тіркелді. Бұл туралы елорданың Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Гүлназ Досмырзаева мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Кәмелетке толмағандардың суицидтік әрекеттеріне мониторингті медициналық ұйымдардың деректері бойынша өз құзыреті шегінде Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің қалалық психикалық денсаулық сақтау орталығының мамандары жүргізеді. Кәмелетке толмаған балалардың суицид әрекеттерін қарастырсақ, соңғы 5 жылда 380 жағдай тіркелген. Оның ішінде 32 оқиғада кәмелетке толмағандардың өмірі қиылды», - деді Досмырзаева қалалық мәслихаттың тұрақты комиссиясының отырысында.
Оның айтуынша, 2017 жылы өзін-өзі өлтіруге оқталудың 50 фактісі, 2018 жылы - 44, 2019 жылы - 58, 2020 жылы – 51 жағдай, сондай-ақ 2021 жылы суицид әрекеттерінің ең көп саны, яғни 136 жағдайы тіркелді. Ал 2022 жылдың 4 айында қалада кәмелетке толмағандар арасында суицид бойынша 41 факті анықталды. Биыл төрт айда өзіне қол салу салдарынан бір баланың өмірі қиылды.
«Кәмелетке толмағандар арасында суицид себептеріне қатысты бірінші орында отбасындағы жанжал – 21 жағдай (51,2%), құрбыларымен әрі достарымен жанжал – 5 жағдай (12,2%), депрессияға байланысты 1 жағдай тіркелді», - деді басқарма өкілі.
Оның сөзіне қарағанда, қазіргі кезде қала емханаларында 60 психолог жұмыс істейді. Қалалық емханалардағы психологтар штатын жасақтау 80 пайызды құрады. Емхана аумағындағы әрбір мектепке дәрігер бекітілген.
«2022 жылдың 4 айында шұғыл психологиялық көмек кабинетіне 93 пациент жүгінді, бұл 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 26 жағдайға көп. 4 жағдайда жасөспірімдер өзіне қол салу әрекеттерін жасағаннан кейін психиатриялық стационарға жатқызылды. Қазіргі уақытта олар амбулаториялық жағдайда көмек алуды жалғастырып жатыр», - деді Гүлназ Досмырзаева.