23 қар, 2020 сағат 17:31

2021-2023 жылдары әлеуметтік салаға 22,4 трлн теңге бағытталады

2021-2023 жылдары әлеуметтік саланы дамытуға 22,4 трлн теңге жұмсалады. Бұл туралы ҚР қаржы вице-министрі Руслан Еңсебаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«2021-2023 жылдарға арналған республикалық бюджет шығыстарының негізгі бағыттары – ең алдымен, азаматтардың әлеуметтік әл-ауқаты. Бюджеттік әлеуметтік бағыты сақталған. 2021 жылға арналған шығыстардың жалпы көлеміндегі әлеуметтік блок шығыстарының үлесі 50,5 пайызды құрап, 2023 жылы 61,6 пайызға дейін артады. Толықтай алғанда үш жылдық кезеңде әлеуметтік саланы дамытуға 22,4 трлн теңге, оның ішінде 2021 жылы 7,1 трлн теңге бағытталып, осы жылғы деңгейден 401 млрд теңгеге артық болады», - деді ол IX Азаматтық форум барысында. 

Осы ретте вице-министр өсімнің негізгі факторлары әлеуметтік төлемдерді индексациялау, педагогтар жалақысын арттыру, орташа жалақы өсімінің артуына байланысты мемлекеттің Міндетті медициналық сақтандыру қорына жарнасы және 15 санатқа кіретін тұлғалар саны екендігін баса айтты.