Ұлттық банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова алтынвалюта активтері мен Ұлттық қордың 2020 жылғы активтерінің жай-күйі туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Өте ауыр жыл болғанына қарамастан, Ұлттық банктің алтын валюталық активтері $6,7 млрд-қа немесе төрт есе артып, жыл соңында $35,7 млрд жетті.
«Жыл бойы әлемдік нарықтағы тұрақсыз жағдай кезінде біз алтын бағасының рекордтық көрсеткішке жеткеніне куә болдық. Жалпы, 2020 жыл ішінде құнды металл бағасының бір унциясы үшін $1523-дан $1891-ға дейін немесе 24% өсті. Осыған байланысты, алтын валюта қорының құрамындағы алтын портфелі $4,7 млрд артты. Алтын валюта активтерінің құрамындағы алтынның үлкен үлесі өзін толықтай ақтады, сол арқылы сыртқы факторлар нашарлаған кезде, алтын валюта активтерін толтырып, тұрақтылығын сақтауға мүмкіндік берді. Алтындағы активтер валютадағы активтердің тартымдылығын төмендетпей, сақтап қалуға мүмкіндік береді», - дейді Әлия Молдабекова.
Алтын портфелінің өсімі алтын валюта активтерін арттырған жалғыз фактор емес еді. Мәселен, Ұлттық банктегі екінші деңгейлі банктердің валюталық есепшоттары да ұлғайды, шамамен $2,6 млрд. Оң факторлардың әсерімен $1,4 млрд шамасындағы мемлекеттік қарыз төленіп, валюталық интервенциялар жасауға мүмкіндік туды.
«Желтоқсандағы жағдайға жеке тоқталғым келіп отыр: Ұлттық Банктің резервтері $3,2 млрд артты. Қарашығанақ Консорциумынан түскен $1,3 млрд салық өтемақысы мен Азия Даму банкінен алынған 0,9 млрд евро көлеміндегі үкіметтік қарыздың есебінен валюталық түсімдердің арқасында резерв осындай көлемде ұлғайды. Желтоқсан айында алтынның бағасы бір унциясы үшін $1727 дейін қымбаттаған соң, желтоқсан айында алтын портфелі де $1,6 млрд көлеміне жетті», - деді спикер.
Алдын ала болжам бойынша, 2020 жылдың соңында Ұлттық қордың активтері $58,7 млрд болып, жыл басынан бері $3,1 млрд азайды. Активтердің төмендеуіне әсер еткен негізгі себеп – бюджетке алынатын Ұлттық қордың трансферті қорға түсетін түсімнен арта түсті.
«Ұлттық Банк 2020 жылы кезекті рет өзінің негізгі миссиясын, яғни, экономика үшін «қауіпсіздік жастығы» рөлін атқарып шықты. Мәселен, коронавирус пандемиясының салдарымен күресу үшін Ұлттық қордан бөлінген кепілді трансферттің көлемі 2,07 трлн теңгеден 4,77 трлн теңгеге дейін көбейді. Ал, сол аралықта, мұнай бағасы құлдыраған соң, жылда Ұлттық қорға түсетін түсім бар-жоғы 1,4 трлн теңгені құрады», - деп атап өтті ол.
Солай бола тұра, Ұлттық қорды басқарудың нәтижесі бойынша жағымды кіріс нетто-шығындардың көп бөлігін өтеді.
«2020 жылдың басындағы коронавирус пандемиясының салдарынан қаржы нарықтарының айтарлықтай құлдырауына қарамастан, Ұлттық Банк Ұлттық қордың активтерін консервативті түрде бөлуден тең бөлу тәртібіне ауысып, акциялар, корпоративті облигациялар мен дамушы елдердің облигациялары сияқты тәуекелді болса да, кірісті активтердің үлесін арттырды. Алтын портфелін қалыптастыру бағытындағы жұмыстар жалғасты. Өткен жылы ҚР Ұлттық қорына 1 млрд АҚШ долларына тең алтын алынды. Соның нәтижесінде, қордың жинақтаушы портфелінің құрамындағы алтын портфелінің үлесі 4,4% немесе 2,4 млрд АҚШ долларына жетті», - дейді спикер.
Соның арқасында, Ұлттық қордың жағымды кірісіне қол жетті. Алдын ала алынған мәліметтерге сәйкес, 2020 жылы Ұлттық қордың активтері бойынша инвестициялық кіріс $4,1 млрд. долларды немесе 7,5% құрады.