Өткен жылы «Қытай-Еуропа» теміржол экспресі бойынша 10 мыңнан астам жүк пойызы жөнелтілді. Бұл ретте, 2020 жылдың 10 айындағы жүк айналымы 2019 жылғы жалпы көлемнен асып түскен. Бұл туралы «Xinhua» агенттігі хабарлады.
«2020 жылы «Қытай-Еуропа» теміржол экспресі бойынша 10 мыңнан астам жүк пойызы жөнелтілді», - деді ҚХР Сыртқы істер министрі Ван И «Xinhua»-ға берген сұхбатында.
СІМ басшысы атап өткендей, Қытай «Бір белдеу, бір жол» бастамасы және өзге елдердің даму стратегиялары арасындағы синергияны тереңдету жолында барлық тараппен ынтымақтастықта жұмыс істейтін болады.
«Байланыстарды нығайтып, экономикалық қызметті жандандыру арқылы, сондай-ақ денсаулық сақтау, цифрлық экономика және «жасыл» даму сынды өсімнің жаңа драйверлерінің әлеуетін қолдана отырып, анағұрлым сапалы ынтымақтастыққа қол жеткізе аламыз деп ойлаймын», - деді Ван И.
Еске салайық, Қазақстан мен Қытай арасында «Нұрлы жол» Жаңа экономикалық саясатын және «Жібек жолы экономикалық белдеуі» құрылысын тоғыстыру бойынша бірлескен жұмыстардың жаңа бағыттары айқындалған. Аталған екі жобада да басымдықты салаларға көлік және логистика, өнеркәсіп, энергетика және басқалары жатады.