Былтыр қазақстандық бизнес ЕАЭО аясындағы шектеулерден 100 млн доллардың табысын жоғалтқан, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Ашық үкімет порталында өткен онлайн конференцияда Сауда және интеграция вице-министрі Жанель Кушукова осындай мәлімет айтты.
«Өкінішке қарай, ЕАЭО аясындағы интеграцияның 2021 жылғы экономикалық әсерін ақшалай баламада есептеп шығару әзірге мүмкін емес. Бұл ретте 2020 жылы ЕАЭО ішкі нарығында қазақстандық бизнес үшін ауыр сезілген 8 тосқауыл жойылғанын мысалға келтіруге болады. Осы тосқауылдардан келген шығынның жалпы құны 100 миллион долларға бағаланды. Бұл жобалап бағалаудың нәтижесінде шығарылған сандар екенін түсіну керек. Шын мәнінде тосқауылдардың экономикалық әсері 100 млн долларда көп те, аз да болуы мүмкін», - деді Жанель Кушукова Ашық үкімет порталының қолданушысына берген жауабында.
Министрдің орынбасары биыл Қазақстанның аталмыш одаққа төрағалық етіп жатқанын еске салып, соның аясында кедергілерді жоюдың құқықтық негізін және ақпараттық-талдамалық сүйемелдеуді жетілдіруге күш салып жатқандарын баяндады.
«Ақпан айының басында біз кедергілерді бөлу және жою әдіснамасының жетілдірілген жобасын бекіттік. Осының арқасында кедергілерді жіктеу мен бағалау мерзімін 2 айға қысқарттық. Сондай-ақ одаққа мүше мемлекет қабылдаған кедергіні тосқауыл деп танудың жаңа тетігін егіздік», - дейді вице-министр.
Вице-министрдің сөзіне қарағанда, бизнеспен тікелей диалог орнату үшін аталмыш ведомство Қазақстанның ЕАЭО мен Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болуы тақырыбында өңірлерде қоғамдық қабылдау өткізіп, осы іске арналған ақпараттық интернет-портал құру жоспарланған екен.
«Қазақстандық экспорттаушыларға ауыр тиіп жүрген кедергілерді жою туралы іс-шаралар жоспары бар. Сонымен қатар, ЕАЭО-ның ішкі нарығындағы кедергілерді жою мәселелері жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобы бекітілді. Былтырдан бастап кедергілерді жою жұмыстарына жергілікті атқарушы органдарды тарта бастадық. Бұл отандық өндірушілер тап болып отырған проблемаларды нақты пысықтауға мүмкіндік береді», - деп түйіндеді Жанель Кушукова.