30 жел, 2019 сағат 14:13

2020 жылы елордада қолжетімді баспана құрылысы үш есеге артады

Елорда әкімдігі 2020 жылы тұрғын үй нысандары құрылысы мен қаланы абаттандыру туралы жоспарларымен бөлісті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қолжетімді баспана құрылысының өсімін 3 есеге арттыру жоспарланған. Биыл 3,5 мыңға тарта пәтер тапсырылды. Біз жастарға арналған арендалық баспана бағдарламасын іске асыруды жалғастырамыз», - делінген елорда әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінде.

Сонымен қатар әкімдік проблемалық құрылыс нысандарына қатысты жағдайға түсінік берді.

«2019 жылы құрылысы ұзаққа созылған 10 нысан пайдалануға берілді. Бұл өз кезегінде 2,5 үлескердің мәселесін шешуге мүмкіндік туғызды. 2020 жылы салынып жатқан 20-дан астам проблемалық нысан пайдалануға берілмек», - деп атап өтілген хабарламада.

Ведомство ақпаратына қарағанда, тұрғын алабы аумақтарын абаттандыру басымдықты бағыт болып қала береді. Осы орайда тұрғын үй алабын балалар ойын алаңдарымен жасақтауға айрықша мән берілмек.