12 қаң, 2021 сағат 08:01

2020 жылы бағаның жалпы өсуіне азық-түлік инфляциясы ең көп әсер еткен

2020 жылы бағаның жалпы өсуіне азық-түлік инфляциясы ең көп әсер етті. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Жылдық инфляция да бір ай бұрынғы 7,3 пайызбен салыстырғанда 2020 жылдың соңында 7,5 пайызға дейін жылдамдап, Ұлттық банктің 7,0-7,5% деңгейіндегі болжамына сәйкес қалыптасты. Бағаның жалпы өсуіне азық-түлік инфляциясы ең көп ықпал етті. Азық-түлік тауарлары бағасының жылдық өсуі нарықтарда жекелеген тамақ өнімдерінің теңгерімсіздігі күшейгеннен 10,8 пайыздан 11,3 пайызға дейін ұлғайды», - деді ол. 

Оның айтуынша, азық-түлікке жатпайтын инфляция киім мен аяқ киім бағасының 4,8 пайызға дейін төмендеуінің аясында 5,7 пайыздан 5,5 пайызға дейін баяулады. 

«Ақылы қызмет инфляциясы қоғамдық тамақтану қызметі мен қонақ үйде қызмет көрсету бағасының өсуіне байланысты 4,1 пайыздан 4,2 пайызға дейін жеделдеді», - деді Ерболат Досаев.