Зейнетақы мен жәрдемақы төлеуге арналған республикалық бюджеттің шығыстары 2019 жылмен салыстырғанда 2020 жылы 21 пайызға ұлғайды.
Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Орталық коммуникациялар қызметінде онлайн режимде өткен халыққа есеп беру кездесу барысында министр мемлекет халыққа зейнетақы мен жәрдемақы түріндегі әлеуметтік төлемдердің 39 түріне кепілдік беретінін атап өтті. Жұмыс істейтін азаматтар міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінен 5 әлеуметтік тәуекел бойынша төлем алады. 2019 жылы әлеуметтік төлемдерге республикалық бюджеттен 3,1 трлн теңге бөлінді. Зейнетақы мен жәрдемақы жалпы 2,8 трлн теңгеден астам сомада 3,9 млн адамға берілді. Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінен 194,2 млрд теңге сомасына 825,2 мың адам төлем алды.
«2020 жылы республикалық бюджетте әлеуметтік төлемдерге 3,5 трлн теңге қарастырылған. Зейнетақылар мен жәрдемақыларды жалпы 3,4 трлн теңгеден астам сомада 4 млн адамға беру көзделген. Бұл 2019 жылғы ұқсас шығыстармен салыстырғанда 21 пайызға көп», - деді Біржан Нұрымбетов.
Министр сондай-ақ, 2020 жылы зейнетақы мен жәрдемақы мөлшері екі рет көтерілгенін атап өтті. Осылайша, ағымдағы жылғы 1 қаңтардан бастап ынтымақты зейнетақылар - 7, базалық зейнетақылар 5 пайызға ұлғайды. Осы жылғы 1 сәуірден бастап зейнетақының екі түрі де тағы 5 пайызға артты. Нәтижесінде, ынтымақты зейнетақы мөлшері жылдық мәнде 12, базалық зейнетақы мөлшері 10 пайызға ұлғайды.