2020 еліміздегі ақылы жолдардан 5,7 млрд теңге қаржы түсті. Бұл туралы «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ басқармасының төрағасы Асқар Мұратұлы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасына сәйкес республикалық маңызы бар жолдардың 11 мың шақырымына немесе жалпы желінің 45 пайызына ақы алу жүйесін енгізу жоспарлануда. Өздеріңіз білетіндей, төлем алу жүйесі ұзындығы 682 шақырым болатын 4 учаскеде (Нұр-Сұлтан-Щучинск, Нұр-Сұлтан-Теміртау, Алматы-Қапшағай және Алматы-Қорғас) енгізілді. 2020 жылы алымдар 5,7 млрд теңгені құрады», - деді ол Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.
Оның атап өтуінше, инвестормен («Computer Vision Technologies» ЖШС) жасалған шарт аясында республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының учаскелерінде төлемақы алу жүйесін орнату және оған қызмет көрсету бойынша 2024 жылға дейін 200 бірлік аралық бақылау аркаларын, 45 бірлік клиенттермен жұмыс істеу жөніндегі орталықтарды, мониторинг орталығын және 2 бірлік деректерді өңдеу орталығын құру көзделген.
«2021 жылы ұзындығы 5,8 мың шақырым учаскелерде 94 бірлік бақылау аркаларын орнату бойынша жұмыстар аяқталды. Әрбір бақылау аркасында мынадай құрамда бағдарламалық-аппараттық кешен орнатылды: бекіту камералары, шолу камералары, өнеркәсіптік компьютер, лазерлік қашықтық өлшеуіш, RFID есептеуіш және тағы басқаралары», - деді Асқар Мұратұлы.