21 қаз, 2020 сағат 09:26

2020 жылға арналған бюджет параметрлерінің болжамы нақтыланды

Түзетілген макроэкономикалық болжам негізінде 2020 жылға арналған республикалық бюджет параметрлерінің болжамы нақтыланды. Бұл туралы Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Республикалық бюджеттің кірістері (трансферттерді есепке алмағанда) 2020 жылы 6 трлн 539 млрд теңге көлемінде бағалануда. Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферт өзгермейді және 4 трлн 770 млрд теңге көлемінде сақталады», - деді министр Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында. 

Республикалық бюджет шығыстары бекітілген көлемге қарағанда 205 млрд теңгеге ұлғайып, 14 трлн 475 млрд теңге көлемінде болжанып отыр.

Бюджет тапшылығы жалпы ішкі өнімге қатысты 3,5 пайыз деңгейінде сақталады.

«Ұсынылып отырған параметрлер республикалық бюджеттің тұрақтылығын қамтамасыз ететін болады», - деді Руслан Дәленов.