19 ақп, 2020 сағат 16:02

2019 жылы Алматы облысында әлеуметтік қолдау шараларына 38 млрд. теңге бағытталды

Өткен жылы облыста мұқтаж азаматтарды әлеуметтік жағынан қамтамасыз етуге 38 млрд. теңге бағытталған. Соның 3,5 млрд. теңгесі Әлеуметтік карта шеңберінде көп балалы және аз қамтылған отбасыларды қолдауға жұмсалды. Бұл туралы бүгін Талдықорғандағы Б. Римова атындағы драма театрында өткен есепті жиынында Алматы облысының әкімі Амандық Баталов айтты.

Баяндамадан белгілі болғандай, осы санаттағы отбасылардан шыққан 42 мың бала балабақшалар мен мектептерде толықтай ыстық тамақпен қамтылған. Жоғарғы оқу орындарында оқу үшін 100 грант бөлінген. Талдықорғанда 42 мың оқушы мен студент, үш қалада 8 мың көп балалы ана қоғамдық көлікте тегін жүреді. 2 277 отбасы газға тегін қосылып, 22,6 мың отбасының үйіне улы газ датчиктері орнатылған. Талдықорғанда көп балалы отбасыларға көмек көрсететін «Жанұя» орталығы ашылды.

Биылғы жылдың басынан бері атаулы әлеуметтік көмек жаңа форматта төленіп жатқаны белгілі. А. Баталовтың айтуынша, соның нәтижесінде көмектің осы түрімен 14,3 млрд.теңгеге 144,1 мың адамды қамту жоспарланған (2019 жылы - 30,7 млрд.теңгеге 257,5 мың адам).

- Біздің мақсатымыз – жұмысқа қабілетті азаматтарды жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тарта отырып, оларды АӘК алушылар қатарынан шығару. Ол үшін нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың «Еңбек» бағдарламасын жүзеге асыруға 10 млрд. теңге бөлінді. Бұл шаралармен 14 мың өзін өзі нәтижесіз жұмыспен қамтыған және жұмыссыз азамат тартылады, - деді Алматы облысының әкімі. 

Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі