13 ақп, 2018 сағат 12:50

2018 жылы 11,2 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі - Ж. Қасымбек

Бүгін ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен ҚР Үкіметі отырысында 2018 жылғы 9 ақпандағы Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы берген тапсырмаларды орындау мәселелері қаралды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.

Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек 2018 жылы индустрияландыру бағдарламасы аясында экспортқа бағытталған секторларды ынталандыру мен еңбек өнімділігін арттыруға баса назар аудара отырып, өңдеу өнеркәсібін қолдауға ерекше көңіл бөлінетінін айтты.

Жеңіс Қасымбектің айтуынша, биыл ЖІӨ құрылымында өңдеу өнеркәсібінің үлесін арттыру үшін қажетті жүйелік шаралар қабылданады.  Индустрияландыру картасы аясында жаңа жобаларды іске қосу жалғасын табады.

«Биыл біз құны 1 трлн теңге болатын 150-ге жуық жобаны іске қосуды жоспарлап отырмыз. Мұнда 15 мың тұрақты жұмыс орны ашылады», — деді министр Жеңіс Касымбек.

Өнеркәсіптік дамудың келесі кезеңі - Индустрия 4.0 элементтерін енгізу арқылы технологиялық дамудың жаңа сапалы деңгейіне өту. 2017 жылы «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасына енгізілген цифрлық технологияларды енгізу үшін экожүйе құруға бағытталған негізгі өнеркәсіп салаларын техникалық қайта жарақтандыру шаралары әзірленді.

2018 жылы ҚР ИДМ цифрлық технологиялардың мүмкіндігін көрсету алаңдарына айналатын жеті модельді цифрлық фабрикалардың аудиті бойынша жұмысты бастауға ниетті («Кентау трансформатор зауыты», «Карлскрона», «Химфарм», «Евразиан фудс», «Алматы вентилятор зауыты», «Қазақмыс» корпорациясы, «Қазхром»).

Сонымен қатар, жүйе құраушы тау-кен металлургия кәсіпорындарында Индустрия 4.0. технологиясын енгізу жобалары іске асырылады.

Сондай-ақ, министрлік жариялаған ақпаратқа сәйкес, биыл цифрландыруды нүктелік ынталандыруға қатысты кейбір қолдау шаралары ішінара қайта қаралады (кәсіпорындардың шығындарын өтеу кезінде шығындардың түрлерін анықтау, гранттар беру, қолжетімді несие капиталы және т.б.).

Сондай-ақ, Жеңіс Қасымбек Мемлекет басшысының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауында жүктелген тапсырмаларға сәйкес, жыл соңына дейін «цифрлық дәуір» өнеркәсібінің қалыптасуына бағытталған Индустрияландырудың үшінші бесжылдығы тұжырымдамасы  әзірленетінін хабарлады.

«Жалпы, жоспарланған іс-шараларды іске асыру 2018 жылы өңделген экспорттың құндық көлемінің өсімін 10,3%-ға (2017 жыл деңгейіне), өңдеу өнеркәсібінің еңбек өнімділігін 6%-ға, өңдеу өнеркәсібінің негізгі капиталын 1 трлн теңгеге дейін өсуін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», — деп атап өтті Жеңіс Қасымбек.

Сонымен қатар, биылғы жылы «Нұрлы жер» бағдарламасын одан әрі іске асыру тетіктері қайта қаралады.

«Мемлекет басшысының 2018 жылғы Жолдауында жүктелген тапсырмаларды іске асыру аясында сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы мемлекеттік стандарттарды жетілдіру жұмыстарын бастадық», — деп атап өтті Жеңіс Қасымбек.

Бұдан өзге, тұрғын үйдің қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында арзан құрылыс және ипотекалық несие беру мәселелері бойынша жұмыс жүргізілуде, тұрғындарды тұрғын үймен қамтамасыз ету көрсеткішін 2030 жылға қарай 30 шаршы метрге дейін жеткізу көзделіп отыр.

Министрдің мәліметінше, коммерциялық банктер биыл құрылыс салушыларға 125 млрд теңгеге субсидияланған несие мен 105 млрд теңге ипотекалық несиелер беретін болады. Банк секторын жаңғырту несие берудің жыл сайынғы көлемін 350 млрд теңгеге дейін жеткізуге және Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің экономикалық белсенді салымшыларының үлесін 12%-ға дейін өсіруге мүмкіндік береді.

«2018 жылы қабылданған шаралардың нәтижесінде 11,2 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі деп күтілуде», — деп қорытындылады министр.