04 мау, 2021 сағат 11:49

2006 жылдан бастап шыққан банкноттарды айырбастау мерзімі өзгерді


Ұлттық банктің Қолма-қол ақша айналысы департаменті директоры Жомарт Қажымұратов Ұлттық банк 2006 жылдан бастап және одан кейін шыққан банкноттарды айырбастауға қатысты жағдайды түсіндіріп берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Халықтың көптеген өтініші негізінде, сондай-ақ, халықаралық тәжірибені ескере отырып, Ұлттық банк 2006 жылдан бастап және одан кейін шыққан банкноттарды айырбастау үшін шексіз мерзім енгізу туралы шешім қабылдады. Жаңа банкнот шыққан жағдайда, 12 ай ішінде ескі банкнот қатар қолданыста жүреді. Басқаша айтсақ, ескі банкнот та, жаңа банкнот та заңды төлем құралы болады және оларды бір жыл бойы барлық төлем түрі бойынша қабылдауға міндетті», - деді Жомарт Қажымұратов. 

Оның айтуынша, қандай да бір банкнот айналымнан шыққаннан кейін оны 3 жыл мерзім ішінде Ұлттық банктің филиалдарынан, екінші деңгейлі банк бөлімшелерінен, «Қазпошта» АҚ кеңселерінен айырбастап алуға болады. 

«Егер сіз белгілі бір себептерге байланысты айналымнан шыққан банкноттарды 3 жыл ішінде ЕДБ пен «Қазпошта» АҚ кеңселерінде айырбастай алмай қалсаңыз, онда Ұлттық банктің филиалдары оларды мерзім бойынша шектеусіз қабылдайды», делінген хабарламада. 

Ұлттық банк филиалдарының мекен-жайы мен байланыс нөмірлері сайтта жазылған. Жаңашылдық 12 маусымынан бастап күшіне енеді.