09 шіл, 2018 сағат 07:41

200 алматылық "Нұрсұлтан" шыңын бағдындырды

Алматыда 2А категориялық қиындықта «Нұрсұлтан шыңын» бағындыру альпиниадасы өтті. Бұл туралы ақпараттық және спорттық ХАБ хабарлады.  

Альпиниадаға 12 жастан асқан 5 мыңнан астам адам 4376 метр биіктікті бағындыруға ниет білдіргенімен, олардың 200-ден астамы ғана шыңға шыға алды. Қатысушылардың арасында өзге мемлекет қонақтары, сондай-ақ Алматы қаласы Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Әбіл Дөңбаев та болды. Шараның ашылу салтанатында еліміздің белгілі альпинисті Мақсұт Жұмаев қонақтарды Астана күнімен құттықтап, альпинизммен айналысуға кеңес берді.

Айта кетейік, альпиниадамен бір мезгілде «Шымбұлақ» таушаңғы курортында скайраннинг спортынан Қазақстан чемпионаты басталды. Бірнеше жас айырмашылық бойынша 100-ден астам спортшы өз бақтарын сынап көруге тырысты. Солардын бірі, жүлделі орын алған Рауан Абылханов өз ойын бөлісті.  


«Дайындық тауда емес, қалада өтті. Өзім осы жарысқа жиі қатысамын. Маған жүгірген өте ұнайды. Бүгін өз жасым бойынша - бірінші, ал «абсолютте» үшінші орын алдым. Уақытым - 1 сағат 53 минут», - деді әскери институтынын сержанты Рауан Абылханов.  

Скайраннингтің барлық жүлдегерлері мен жеңімпаздары медальдармен, ал альпиниада қатысушылары сертификаттармен марапатталды.  

Аталмыш шаралар салауатты өмір салтын ұстанып, жастар арасында спортты дамыту мақсатында жыл сайын өткізіледі.