Теолог, дінтанушы, Нұр Мүбәрак Египет Ислам мәдениеті университетінің докторанты, республикалық ақпараттық насихат тобының мүшесі Серікжан Еншібай 25 жасында Сириядағы мұсылмандарға барып қосылған әйелдің оқиғасын айтып берді.
Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданының тұрғыны, 20 жастағы келіншек күйеуі мен 1 жастағы баласын тастап Сириядағы содырлар тобына қосылған.
«Мен ол әйелдің күйеуімен жұмыс жасадым. Себебі, күйеуі де жат ағым жетегінде болған. Әйел алғашында мүлде дінге қатысы жоқ болатын. Хиджаб кимеген, намаз оқымаған. Жылдар бойы күйеуі соны айтып, кінәлай берген. Сосын әйеліне айта берген соң, келіншек өзі іздене бастайды. Сөйтіп, интернеттен оқи бастаған. Бір күні күйеуі әйелін таппай қалады. Бірнеше күннен соң келіншегі өзі хабарласқан», - деді теолог.
Әйел әлеуметтік желі арқылы Сириядағы ДАИШ террористік ұйымына қосылған. Сөйтіп, күйеуіне ерегісіп, ДАИШ-тің қармағына түскен.
«Мені иманың жоқ деп әбден айтушы едің ғой, мен мында нағыз миссиямды таптым. Дінге қызмет етіп жатырмын. Соғысып жатқан шын мұсылмандарға қызмет етуге (сексуалды қызмет болуы да мүмкін) келдім» деген. Сонда бұл әйел адасқаны сонша, жезөкшеліктің өзін құдай жолында қызмет ету, сауап деп түсінген. Мен басында біраз жұмыс жасадым. Одан кейін ол кісілермен басқа теологтар жұмыс істеді. Әйелдің келген-келмегенін білмеймін. Тағдыры беймәлім», - деді Серікжан Еншібек.
Теолог маманның айтуынша, жат ағым жетегінде кеткендермен тек теолог жұмыс жасағаны аздық етеді. Өйткені олар психологиялық ауыр жарақат алып келеді.
«Қатарына көбіне қорқытып тартады. «Егер ағымнан шықсаң тозаққа түсесің, мына жақта қарап отырсаң мұсылман емессің, мұсылмандар қиналып жатыр, мында жиған-дүние мүлкіңнен не қайыр, дүние-мүлік пе, ақшалай ма, әлде қару алып соғысу керек» деген сияқты аргументтер келтіреді. Қатарына келгенде шыға алмайтындай етіп улайды», - деді ол.
Санасы уланған азаматтар алданғанын, діннің саяси құрал ретінде пайдаланылғанын Сирияға барғанда бір-ақ ұғады.
Кеш болады, құтылу мүмкін болмайды. Құжаттары жоқ, байқап қалса өлім жазасына кеседі. Қасиетті соғыс алаңынан қашуға әрекет жасады деген айып тағады.
Бұл ағымның өзі бірнеше топқа бөлінеді. Олардың ішінде бірен-сараны соғыс, жиһадты үгіттейді. Көбінесе олар басқа ағымдағыларды «үйде отыратын қорқақ мұсылмансыңдар» деп кінәлайды.
Деструктивті ағымдардың көпшілігі исламдағы неке қатынасына дискредитация жасайды.
«Егер радикал салафит ағымындағы ер адам түрмеге түсіп қалса, оны әйелі мойындамауы мүмкін. Себебі, Сириядағы пірлері «сенің күйеуің мұсылман емес, араларыңдағы неке бұзылды, одан да басқа нағыз мұсылман тауып ал» деп үйретеді. Күйеуі түрмеге түскен соң әлбетте онымен жұмыс жасалады. Олар санасы өзгереді, мұсылмандықтан шығады, күйеуім енді адам болмайды деп санайды. Түрмеде отырған жігіттердің көпшілігіне әйелі келіп босатуын сұрайды. Сол кезде біз араласып, ажырасуға болмайтынын түсіндіреміз. Сөзіміз сенімді болу үшін бұрын некелерін қиған куәгерлерді әкелеміз. Бұл процестің барлығы қиындап кетеді», - деді дінтанушы.