Алматылықтарға ТЖ туралы жедел хабарлаудың тегін мобильді қосымшасы қолжетімді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Алматы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жобаны қала әкімдігімен бірге ТЖ департаменті және қазақстандық компания - «I2NIK» ЖШС бюджет қаржысын жұмсамай, Smart Almaty бағдарламасы аясында жүзеге асыруда.
Мобильді қосымшаны Android және iOS базаларындағы құрылғылар арқылы қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жүктеп алуға болады, қазіргі кезде оны 20 мыңнан астам тұтынушы пайдалануда.
«Darmen» қосымшасын жасау үшін Жапония және АҚШ-тың тәжірибесі зерттелді. Қосымша бірнеше секунд ішінде ғана халықты ТЖ қаупі және болуы мүмкін зардаптары (соның ішінде дауылдар туралы ескертулер) жөнінде хабардар етеді.
Алматыға жақын орналасқан сейсмологиялық датчиктер арқылы автоматты режимде жердің сілкінуі туралы push-ескерту жібере алады.
Мобильді қосымша қолдану тәжірибесінен өтті және бұрынғы SMS-хабарламалармен салыстырғанда ескертулерді жедел жіберетінін көрсетті.
Бұған дейін, қала әкімі Бақытжан Сағынтаев жапондық сарапшымен жер сілкінісі туралы алдын ала ескерту жүйесін орнатуды талқылаған болатын.