15 нау, 2022 сағат 16:08

19 наурызда Алматыда жалпықалалық сенбілік өтеді


Алматы әкімдігі тұрғындарды 19 наурызда Birge – taza Qazaqstan республикалық акциясы аясында жалпы қалалық сенбілікке қатысуға шақырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Сенбілік уақыты: сағат 9-дан 12-ге дейін болады. Сонымен қатар, сенбілікке 2 000-нан астам коммуналдық қызмет жұмысшы мен 400-ден астам арнайы техника шығады деп күтілуде. 

«Қысқы кезеңнен кейін қала аумағын, рекреациялық аймақтарды, саябақтарды, скверлерді, аулаларды, сондай-ақ, сауда объектілеріне, қоғамдық тамақтану орындарына және басқа да ұйымдарға іргелес аумақтарды тазарту әрі жинау жоспарлануда. Жаппай ағаш отырғызу да жоспарланған. 

Барлық меншік нысанындағы ұйымдардың басшыларын, оның ішінде ПИК, ЖКБ басшыларын қажет болған жағдайда сенбілікке қатысушыларды іргелес аумақтар мен аулаларда қоқыс жинауға арналған құралдармен, қолғаптармен, қаптармен қамтамасыз етуді сұраймыз. 

Қоқыс салынған қаптарды жол жиегіне қою ұсынылады. Оларды қаланың коммуналдық қызметтері алып кетеді»,- делінеді әкімдік хабарламасында. 

Сенбілік қала аудандары бойынша мына орындарда өтеді: 

1) Алатау ауданында «Сосновый бор» экопаркінде жаппай ағаш отырғызу және іргелес жасыл аймақтар аумағын жинау жоспарланған. 

2) Алмалы ауданында сенбілікті Сайран көлінің шығыс жағалауында жаппай өткізу жоспарланған. 

3) Әуезов ауданында – Сайран көлінің батыс жағалауында. 

4) Бостандық ауданында – Абай даңғылының бөлу жолағында. 

5) Жетісу ауданында – Гүлдер саябағында. 

6) Медеу ауданында – Речка Казачка көшесі «Восточка» ТК артында. 

7) Наурызбай ауданында – №7 ҚКА-ның іргелес аумағында және Абай даңғылының бойымен Алатау даңғылының шығысына қарай. 

8) Түрксіб ауданында – Петрозаводская және Майлин көшелеріндегі жыраларда.