Алматы қаласының №2 Медеу аудындық сотында қылмыстық топтың мүшесі А.В.Косырьковқа қатысты үкім шықты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке сілтеме жасап.
Ол 2014 жылғы наурыз – 2015 жылғы ақпан аралығында С.Ю.Ильин басқарған ұйымдасқан қылмыстық топтың құрамында болған.
«Косырьков «Ильин» қылмыстық тобы мен Алматы қаласы салық департаменті бастығының бұрынғы орынбасары Е.Ж.Жексембиновтің арасында парақорлыққа делдал болған. Бұл пара департамент бастығының бұрынғы орынбасарына жалған кәсіпкерлік қызметке қамқорлығы үшін берілген. Осыған байланысты Косырьков кінәлі деп танылды. Берілген параның жалпы сомасы - 135 000 АҚШ доллары» делінген хабарламада.
Косырьковқа мемлекетаралық іздеу жарияланып, ол Ресей Федерациясының аумағында ұсталды.
Сот үкімімен Косырьков 5 жылға бас бостандығынан айырылды.
Бұған дейін хабарланғандай, 2016 жылы қылмыстық ұйым қатысушылары, соның ішінде Алматы қаласы қаржы полициясының бұрынғы бастығы, генерал Аманбаевқа да түрлі жаза түрлері тағайындалған болатын.