13 мам, 2022 сағат 13:55

134 млн теңге пара – Орал қаласының бас құрылысшысына қатысты іс сотқа берілді


Аса ірі көлемде пара алды деп айыпталған Орал қаласы құрылыс бөлімінің бұрынғы басшысы Арман Өксікбаевтің ісі сотқа берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

БҚО сотының баспасөз қызметі А.Өксікбаевтің ҚР ҚК 366-бабы 4-бөлігіне (аса ірі көлемде пара алу) сәйкес қылмыстық ісі 11 мамыр күні сотқа түскенін растады.

Оның ісі БҚО қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралатын болады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Орал қаласы құрылыс бөлімінің басшысы пара алды деген күдікпен тергеліп жатқанын жазған болатынбыз. 

ҚР Сыбайлас жемқорлық қарсы іс-қимыл агенттігінің мәліметі бойынша ол 2020 жылдың қазан айынан бастап 2021 жылдың 11 қазанына дейін «Н»-ның сыбайластығы арқылы ЖШС директоры «Ш»-дан пандемия кезеңінде арнайы тәртіпті қолдана отырып, мемлекеттік сатып алу шартын жасасуға жәрдем көрсеткен. Сондай-ақ Орал қаласында «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша жалпы сомасы 2,2 млрд теңгенің 9 қабатты екі тұрғын үйдің құрылысы бойынша орындалған жұмыстардың актілеріне кедергісіз қол қойғаны үшін алдын ала келісілген 170 млн теңгенің 134 млн теңгесін пара ретінде алған.