АҚШ-тың Перрис қаласында (Калифорния штаты) құқық қорғау органдарының қызметкерлері 2-29 жас аралығындағы 13 ұл-қызын қамап отырған ерлі-зайыптыны ұстады. Бұл туралы Риверсайд округінің шерифіне сілтеме жасап ТАСС хабарлайды.
Жексенбі күні полицияға хабарласқан 17 жастағы қыз, ата-анасы өзімен қоса тағы 12 бауырын күштеп үйде ұстап отырғанын айтады. Қыздың сөзіне қарағанда, олардың кейбірі кісендеулі болған.
57 жастағы Дэвид Аллен Терпин мен 49 жастағы Луиз Анна Терпин полицияға неліктен өз балаларын үй қамақта ұстағанын түсіндіріп бере алмаған.
Билік өкілдерінің мәліметтеріне қарағанда, кәмелетке толмаған бес «тұтқын» мен 18-29 жастар аралығындағы жетеу, сондай-ақ полицияға хабарласқан 17 жастағы қыз лас бөлмеде аштықтан азап шеккен. Олар қазір ауруханада жатыр.
Терпиндерге қатысты тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. Даулы іске балалар құқығын қорғау қызметкерлері араласуда.