18 там, 2020 сағат 15:59

1,2 млн қазақстандық салық рақымшылығы мүмкіндігін қайта пайдалана алады

2019 жылы жасалған салықтық рақымшылықтың арқасында 1,24 млн адамның 60,9%-ы қарызын өтеген, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

2019 жылғы өсімпұлды есептен шығару акциясы кезінде 1,24 млн жеке тұлғаның 20,1 млрд негізгі және 6,5 млрд теңге өсімпұл берешегі болған. Олардың ішінде 755,7 мың жеке тұлға бүгінде салық рақымшылығын пайдаланып, қарызын жапты. Борышкерлер 15,9 млрд теңге мөлшеріндегі негізгі қарызды өтегені үшін олардан 3,1 млрд теңге өсімпұл алынып тасталды. 

«Дегенмен әлі күнге дейін жалпы борышкерлердің 30,1% салық қарызын төлемеген. Олардың негізгі берешегі - 6,2 млрд теңге, өсімпұл сомасы - 3,4 млрд теңгені құрап отыр. 

2020 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша 1 350 азаматтың негізгі қарыз сомасы 1 млн теңгеден асса, жеке тұлғалардың жиынтық қарызы 6,8 млрд теңгені құрап отыр. Оның ішінде негізгі қарыз - 4,2 млрд теңге, өсімпұл - 2,6 млрд теңге», делінген аталмыш комитеттің баспасөз қызметі таратқан мәліметте. 

Айта кетейік, 2020 жылдың 6 сәуірінде Мемлекет басшысы Үкіметке 2020 жылы мүлік, жер және көлік құралдары салығы бойынша жеке тұлғаларға салықтық рақымшылық жасауды қайта жүргізуді тапсырған болатын. Аталған заң жобасына Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылдың 2-шілдесінде қол қойды. 

Салық рақымшылығының басты шарты - негізгі салық қарызы сомасы төленсе, онда өсімпұл салынбайды. Борыштың нақты сомасы өтелген кезеңде өсімпұл автоматты түрде есептен шығарылады. Осыған сәйкес, мемлекеттік кірістер органдарының барлық аумақтық бөлімшелерінде өсімпұлды есептен шығару жөніндегі комиссиялар құрылатын болады. 

Салықтық рақымшылық жасау мерзімі - 2020 жылдың 31 желтоқсанына дейін жалғасады. 

Болжам бойынша, аталған жеңілдікті шамамен 1,2 млн азамат пайдаланады деп күтілуде. Жалпы бюджетке түсетін кіріс - 12,7 млрд теңге, ал есептен шығарылатын өсімпұл сомасы - 4,3 млрд теңгені құрайтын болады.