19 шіл, 2024 сағат 15:22

1,2 миллиард теңге. Арыстанбек Мұхамедиұлына тиесілі мүлік мемлекетке қайтарылды


Фото:Sputnik / Болат Шайхинов

Экс-Мәдениет министрі Арыстанбек Мұхамедиұлына тиесілі су және қолданбалы спорт түрлері бойынша Республикалық жоғары спорт шеберлігі мектебі мемлекет меншігіне қайтарылды, -деп хабарлайды "Ұлт Ақпарат".

Бұл мүліктің құны 1,2 миллиард теңгені құрайды. Оны сатып алған кезде бағасы 551 миллион теңгеге төмендеген болатын.

Алматы қаласының Мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2024 жылғы 17 шілдеде су және қолданбалы спорт түрлері бойынша Республикалық жоғары спорт шеберлігі мектебін сату жөніндегі мәмілені жарамсыз деп тану туралы шешімі заңды күшіне енді. Сотта нысанның нарықтық құнының 551 миллион теңгеге төмендетілгені және заң бұзылғаны расталды.

Мектептің әкімшілік ғимараттары, спорт залдары және басқа да құрылыстары 7,6 мың шаршы метрді, ал жері 4,9 гектарды құрайды. Бұл мүлік Арыстанбек Мұхамедиұлымен аффилиирленген «Nomad's Land» ЖШС-не тиесілі болған.