Фото: Қаржылық мониторинг агенттігі
Алматыда ақшаны заңсыз қолма-қол ақшаға айналдыруға қатысы бар ҰҚТ мүшелері сотталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Қаржылық мониторинг агенттігіне сілтеме жасап.
Алматыдағы ҰҚТ мүшелері банктік шоттардағы қаражатты қолма-қол ақшаға айналдырып және ойдан шығарылған мәмілелер бойынша шот-фактураларды жазумен айналысқан.
Аталған фактіні ҚМА аумақтық департаменті тергеген.
"А. Абдуллаев бастаған ҰҚТ-ның 5 мүшесі 2018 жылдан 2022 жылға дейінгі кезеңде жүйелі түрде бақылауындағы 15 компания мен 170-тен астам жеке кәсіпкердің банктік шоттары арқылы 11,7 млрд теңгені қолма-қол ақшаға айналдырғаны анықталды.
Сот үкімімен ҰҚТ ұйымдастырушысы және қатысушылардың бірі кінәлі деп танылып, оларға жалпы режимдегі колонияда 6 және 7,5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Сонымен қатар сотқа дейінгі тергеу аясында осы қылмысқа қатысы бар ҰҚТ-ның тағы үш мүшесі халықаралық іздестіруге жарияланды" - делінген хабарламада.
Ведомство мәліметінше, жалған мәмілелер жасасу, қаражатты заңсыз қолма-қол ақшаға айналдыру ел бюджетіне миллиардтаған салықтардың түспеуіне әкеліп соғады. Экономикалық қылмыстың бұл түрі мемлекеттік әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға, зейнетақы мен жәрдемақыларды төлеуге, жаңа жол, аурухана, мектеп салуға кедергі келтіреді.