10 қаң, 2022 сағат 12:46

11 қаңтардан не күтеміз?


Президенттің 11 қаңтар күні Парламентте жасайтын Үндеуін әрбір Қазақстан азаматы тағатсыздана күтіп жүр. "Не айтылады, мемлекетіміздің болашақтағы даму бағдары қандай болмақ, Үкіметтің бет-бейнесі өзгере ме, Парламент таратыла ма, жоқ па" деген сияқты көптеген сауалдар көкейімізде маздап емес, алаулап тұр. Телефон арқылы кіммен сөйлессем де - осы сұрақтар. Күдік те жоқ емес. Үмітіміз ақталмай қалып, көңіліміз су сепкендей басылып, Президенттен көңіліміз қалып қалмас па екен деген дүдәмал ой да жоқ емес. Барлық үміт-күдік заңды. Әр азаматтың осындай сұрақ қойып, үміт артуға хақысы бар. 

Біз де өзімізше ойланып, өз тізімімізді ұсынғанды жөн көрдік. 

Бірінші, ең әуелі халыққа шындық бүкпесіз айтылу керек. Ауруын жасырған өледі. Бұл сұмдық оқиғалардың артында кім тұр, қылмыскерлердің нақты аты-жөнін атап, түсін түстеп, дәлел-дәйекпен айтылу керек. Құрықталған бәз біреулердің мойынына бар кінәні іле салу - вариант емес. 

Екінші, біз 30 жыл бойы әбден таптаурын болған, шаң басқан түлкібұлаң, ескі қисық жолдан түбегейлі бас тартып, қоғам мен мемлекетте әділеттік ұстанымдары орнайтын, демократия мен сөз бостандығы принциптері іс жүзінде салтанат құратын, жаңа, коррупциясыз экономикасы түзілген мемлекетке айналуымыз керек. Және тағы да, кезекті рет жеке басқа табыну культін қалыптастырып алудан сақтанғанымыз абзал. Оған ең әуелі мемлекет қызметкерлері, әсіресе зиялы қауым (!), бұқаралық ақпарат құралдары жауапты болуға тиіс. Жағымпаздық, жалпақшешейлік, бәке-сәкелейтін ұятсыз, арсыз қылықтар күнә ретінде бағаланып, қоғам тарапынан қатаң сынға ұшырап отыру қажет. 

Үшінші, істейміз деп істемейтін, құрғақ шөппен халықтың ауызын сүртетін, елді балаша алдайтын өтірікші мемлекет енді бізге керек емес. Өз сөзіне өзі жауап беретін, принциптерінен ауытқымайтын кәсіби, көзі де, құлағы да ашық, халықпен тең сөйлесе алатын, парасатты, өз еліне жанашыр мемлекет құру жолына түсуіміз керек. Мемлекеттік қызметкерлер өз санасын 180 градусқа бұрып, жаңаша ойлай бастау қажет. Мемлекетіміз бар. Оған енді жаңа, рухани тұрғыдан айтқанда, сапалы костюм кигізгеніміз абзал. Әйтпесе, бәрі бос сөз болмақ. Өтірік сөзге тойдық. 

Ол үшін мүлде жаңа Үкімет пен Әкімдер корпусы жасақталу керек. Бұл - қоғам талабы. Бәлкім, кей өңірлерде өзінің жұмысын көрсете алған жас һәм халықшыл әкімдерді қалдырған да дұрыс шығар, бірақ жаңа Үкіметте, Әкімдер корпусында, ескі жүйенің бір де бір адамы болмауы тиіс. Жаңа адамдарда, әсіресе жас мамандарда тәжірибе жоқ, олар қалай істейді деген сөздер - креслосына жабысып қалғандардың баяғы, ескі, негізсіз уәжі. Ештеңе жоқ, үйренеді, білмей жатқан жерлері болса, тәжірибесі барлар айтып отырады. Ешкімнің аяғы аспаннан салбырап түскен жоқ. Сол министрлер де кезінде бірінші рет министр боп тағайындалған. Соны ұмытпасын. Олай болмайды екен, бірдеңе өзгереді деп күтпей-ақ қойыңдар. Бұрынғы орындарына бекіп алған соң, алшаңдап, ештеңе бітірмейтін министрлер мен әкімдердің талайын көрдік. Жұмыс істеді, абыройды да, басқасын да жиды, енді ешкімге өкпесі жоқ шығар. Жұмыссыз қалса, бизнестері бар, сол кәсіптерін басқарсын, пайда тапсын, мемлекетке салық төлесін. Рахмет айтпасақ, өкпелемейміз. 

Төртінші, идеологиялық блоктың жұмысын толықтай қайта қарау керек. Жыл сайын жаңа идея ойлап тауып, жыл сайын оған қыруар ақша бөліп, сайда суы, құмда ізі жоқ, сұрау мен жауапкершілігі нөл, көлдей бағдарламалар жасауды доғару керек. Біздің елдің нақты, мызғымайтын бір ғана идеологиялық линиясы болуы тиіс. Оны мемлекетшіл азаматтар brainstorming ұйымдастыру арқылы жасақтап шығу керек. Және барлық идеологиялық блоктағы министрліктер өз бағдарламаларын сол линияға сай түзуі қажет. Осы ретте және соңғы оқиғаларға байланысты жастардың мінез-құлқына терең талдау жасай отырып, Мемлекеттік жастар саясатын қайта қарастыру қажет. Мүмкін жастармен, олардың тәрбиесімен, әлеуметтік жағдайымен нақты айналысатын, Президентке тікелей бағынатын (өйткені ол Үкіметтің барып кел, шауып кел қолбаласына айналып кетуі әбден мүмкін) Министрлік немесе Агенттік құру қажет. 

Сосын, өз тарихымызды қағынан жеріген адам құсамай, дәлелмен, нақты деректерге сүйене отырып, кәсіби деңгейде қайта жазып, өскелең ұрпақтың санасына мықтап бекіту керек. Тарихымызға өзгенің призмасынан қарауды, бір адамның ыңғайына жығып беріп отыруды тоқтату керек. Тарих бізге керек болмаса, болашақ ұрпақ үшін керек. Тірі кезімізде біз осы заманға жауаптымыз. Сондықтан бұл жай, жеңіл сөз емес. Бұл ұсыныста тарихтың барлық кезеңдері, сол заманда көтерілген идеялар (Түркі дүниесі, Шыңғысхан империясы, Алтын Орда, Қазақ хандығы, Алашорда, Желтоқсан және т.б.) меңзеліп отыр. 

Бесінші, республикалық референдумға сала отырып, қолжаулыққа айналып кеткен Ата Заңымызды қайта жасақтап, мызғымастай етіп бекітіп тастау керек. Ол Конституцияда ешкімнің 2 мерзімнен артық немесе (Құдай сақтасын!) мәңгілік Президент боп сайлануына тыйым салу қажет. Парламент, Үкімет, Сот құзыреттерін заманға сай және ең бастысы халық мүддесіне жұмыс жасайтын қылып, қайтадан жазып шыққан абзал.

Алтыншы, “Сайлау туралы” заңды үлкейткіш әйнекпен қайта қарап, өзгерту қажет. Қазіргі Парламент жағдай тұрақталған соң, сөзсіз таратылуы тиіс. Сайлау 1 ай өтеді. Ештеңе етпейді, уақыт зу ете қалады. Шұғыл шаруа болса, заңдық күші бар Президенттің Жарлықтарымен амалдай тұрамыз. Өздеріңіз куәсіздер, талай парламенттік сайлауларда мың жерден ұтып тұрса да, биліктің көңіл-күйіне байланысты кей партияның тізімдері әділетсіз белінен сызылып келді. Қанша партия үміткерлерінің, оның электоратының обалы ескерілген жоқ. Парламентке партиялық тізіммен ғана сайлана алатын тәжірибені тоқтату керек. Әр азамат Парламентке жеке дара сайлана алатын болсын.

Жетінші, Қорғаныс әлеуетін күшейтетін жаңа Әскери доктрина қабылдану қажет. Және күштік құрылымдардың барлығының материалдық-базасын заманға сай жасақтау қажет. Әскерилердің әлеуметтік жағдайы қызметін алаңсыз атқаруына негіз болуы қажет. Бұл дәл қазір неге айтылып отырғаны түсінікті деп ойлаймын.

Сегізінші, министрлерді қаптатпай, профильдік ведомстволарды біріктіру қажет. Әсіресе, экономикалық блокта. Шашылып жатқан ақша жоқ. Әсіресе қазір.

Тоғызыншы, Жер мәселесін біржолата шешіп тастау керек. 

Оныншы, өндіріс пен жеке бизнесті өркендету мәселесін дереу қолға алу керек. Онсыз капиталистік қоғамда ештеңе дамымайды. Әзірге жеңіл өнеркәсіптің бірнеше түріне басымдық беріп, соны “қазақ брендіне” айналдыра алсақ та жаман болмайды. Ол үшін бюрократия мен бизнеске қырғидай тиетін ведомстволардың асырасілтеушілік табиғатын тізгіндеп тастау керек. 

Он бірінші, Астана, Алматы, Шымкент және облыс орталықтарының ғана инфрақұрылымына көңіл бөле бермей, мемлекет моноқалалар мен аудандық деңгейдегі мәселелерді шешуді шұғыл қолға алу керек. Мәселен, Семей, Арқалық т.б. қалалардағы жағдай өте нашар. Қалаішіндік жолдар төселмегеніне ауызекі сөзбен айтқанда 40 жыл болды, қыс келсе, олар қала емес мұздатқышқа айналады. Ірі сауда орталықтары, басқа да осы заманның игіліктері жетпейді, т.т. 

Бәрін айт та, бірін айт. Ең бастысы ниет өзгеру керек. Қалған шаруаға әлеуетіміз де, күшіміз де жетеді. Қайткенде де жақсылықты күтейік.

Ақберен Елгезек, ақын