03 ақп, 2023 сағат 17:32

100 млн теңгеден аса ақша жымқырған полицейлер сотталды

Фото: Polisia.kz

Ақмола облысында полицейлер 100 миллион теңгеден аса қаржы жымқырғаны үшін сотталды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Антикор баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"Целиноград аудандық сотының үкімімен Ақмола облысы Полиция департаменті патрульдік полиция ротасының командирі, полиция подполковнигі Талғат Ерденов пен патрульдік полиция ротасының аға инженері, полиция капитаны Махсат Жаманбаев орташа қауіпсіздік түзеу мекемесінде жазасын өтеуге 7 жылға бас бостандығынан айырылды", - делінген хабарламада.

Антикор мәліметінше, тергеу барысында Ерденов пен Жаманбаевтың алдын ала сөз байласу арқылы ЖЖМ-ге сеніп тапсырылған талондарды жалпы сомасы 100 миллион теңгеден аса қаражатты жымқыру жолымен ұрлағаны дәлелденген.

Сотталғандар өмір бойына мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік секторда қызмет атқару құқығынан айырылды. Үкім заңды күшіне енген жоқ.