коллаж: Tengrinews.kz
Түркістан облысында бейберекет кортеж ұйымдастырғандар жазаланды. Олар мектеп бітіргеніне 10 жыл толуын тойлаған, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Видео әлеуметтік желіде пайда болды. Кадрлардан кортеждегі бірнеше көлік жолаушылары терезеден басын шығарып отырғаны көрінеді. Бұл ретте видео авторының айтуынша, кортеж басқа көліктерге кедергі жасаған.
Түркістан облысының полициясы мәліметінше, оқиға Алматы-Ташкент-Термез тасжолында болған.
"Жолдың 670-шақырымында патрульдік полиция қызметкерлері назарына бірнеше көлік кортеж ұйымдастырып, мектеп бітірушілер 10 жылдығын тойлап жатқаны ілікті. Полиция дереу жол ережесін бұзып, басқа көліктердің өтуіне кедергі келтірген кортежді анықтауға кірісті. Видеодағы Toyota Land Cruiser Prado және Toyota RAV4 маркалы көліктер кімге тиесілі екені және жүргізушілердің жеке басы анықталды. Олар Шымкент қаласының тұрғындары болып шықты", - деді Түркістан облысының ПД баспасөз қызметі өкілдері.
Тәртіп сақшыларының айтуынша, тәртіп бұзғандармен түсіндіру жұмыстары жүргізілген.
Toyota RAV4 автокөлігінің жүргізушісіне қатысты ӘҚБтК-нің 614-бабы "Көлiк құралдарының жүруіне кедергi келтіру" бойынша әкімшілік хаттама толтырылған. Toyota Land Cruiser Prado автокөлігінің жүргізушісіне 593-бап "Жол жүрiсi қағидаларында көзделген жолаушыларды және жүктердi тасымалдау, қауiпсiздiк белдіктерiн немесе мотошлемдердi пайдалану жөніндегі талаптарды сақтамау" бойынша хаттама толтырылған.
"Полицейлер видеодағы тағы бірнеше жүргізушіні анықтады. Оларды анықтап, жауапкершілікке тарту бойынша жедел жұмыстар жүргізіліп жатыр", - деп қосты облыстық ПД өкілдері.
604 рет оқылды