10 жылда қосымша 50 млн гектар жайылымдық жер айналымға тартылады. Бұл жайында сенаторлардың депутаттық сауалына ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминің жауабында айтылған, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Ауылдық елді мекендер тұрғындарының мал басы үшін жайылымдық жерлердің тапшылығы проблемасы бар. Елді мекендердің жайылым алқаптарының алаңы бар болғаны 20,9 млн гектарды құрайды. Халықтың қолда бар ауыл шаруашылық жануарлары үшін 50 млн гектардан астам жайылым қажет. Тапшылық - 30 млн гектардан астам. Бұл ретте, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінде (ШҚ, ФШ, ЖШС, АҚ және т.б) 73,4 млн гектар жайылымдық жерлер бекітілгенін атап өту керек. Оның ішінде 40 млн гектардан астам жайылым жерлер пайдаланылмай жатыр», -деді Үкімет басшысы.
Асқар Маминнің атап өтуінше, осы проблеманы шешу үшін және жайылымдық жерлерді ұтымды пайдалану бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі тарапынан бірқатар шаралар қабылдануда. 2019 жылғы қазанда «Жайылымдар туралы» 2017 жылғы 20 ақпандағы ҚР Заңын іске асыру мақсатында ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің қызметкерлері Мәжіліс депутаттарымен бірлесіп, ауылдық округтер мен елді мекендер бөлінісінде жайылымдарды басқару және оларды пайдалану жөніндегі жоспардың пилоттық жобасын әзірледі. Ол ұйымдасқан шаруашылықтар пайдаланбайтын жайылымдарды ауылдық елді мекендер тұрғындарының мал басын жаю үшін 2 жыл бойы пайдалануға мүмкіндік береді. Жоспар жобасы барлық облыс әкімдіктеріне үлгі ретінде жолданды. Сонымен қатар, 2020 жылғы 29 сәуірдегі № 145 ҚР АШМ-ның бұйрығымен «Жануарларды жаю тәртібі мен ұйымдастырылуын реттейтін ауыл шаруашылығы жануарларын жаюдың» үлгілік қағидалары бекітілді. Заңның 15-бабына сәйкес, ауылдық елді мекендер аумағының шегінде орналасқан жайылымдарда тек аналық мал басы ғана жайылады. Қалған мал басы шалғайдағы жайылымдарға жіберіледі. Бұл шара елді мекендер шегіндегі жайылымдарды жеңілдетуге және пайдаланылмайтын шалғайдағы жайылымдарды тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.
«Өкінішке орай, ауыл халқы елді мекендерден 30-40 және одан да көп шақырым қашықтықта орналасқан шалғайдағы жайылымдарды пайдаланғысы келмейді. Өйткені жануарларды күн сайын таңертең жаюға, ал кешке үйге әкелу қажет деп санайды. Малды жаюдың шалғайдағы жүйесі жайылымдық алқаптарды барлық жайылымдық маусымда пайдалануға мүмкіндік береді. Яғни жануарлар көктемнен күзге дейін, қораға келгенге дейін тәулік бойы жайылымдарда болады. Бұдан басқа, халыққа тиесілі мал басын қамтамасыз ету мақсатында ҚР Президентінің 2019 жылғы 17 қыркүйектегі тапсырмасының хаттамасына сәйкес 10 жыл ішінде қосымша 50 млн гектар жайылымдық жер айналымға тартылатын болады», - деді Премьер-Министр.