30 нау, 2021 сағат 14:23

1 сәуірден бастап электр энергиясы қымбаттайды

1 сәуірден бастап жылу электр станцияларының шекті тарифтері орташа есеппен 15 процентке көтеріледі. Осыдан кейін электр энергиясын халыққа жеткізетін компаниялардың шекті тарифтері қайта қаралады. Бұл туралы энергетика вице-министрі Қайрат Рахымов мәлім етті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

"Бұған дейін энергия өндіретін 45 компанияның 37-сі шекті тарифті көтеруге өтініш берген болатын. Басында олар 36 процентке көтеруді сұраған. Жарты жылдан астам уақыт бойы барлық өтініш зерделенді, есептеулер де жасалды. Арнайы бұйрық әзірленді. 1 сәуірден бастап жылу электр станцияларының шекті тарифтері орташа есеппен 15 процентке көтеріледі", - деді Рахымов орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте.

Вице-министрдің айтуынша, бүгінде электр энергиясын өндіруші компаниялардың шығындары көбейді. Инженерлік желілер тозды, салық көлемі де артып отыр. Жұмысшылардың жалақысын көтеру керек. Ал энергия өндіретін компаниялардың шекті тарифтері көтерілгеннен кейін сол энергияны халыққа жеткізетін кәсіпорындардың шекті тарифтері қайта қаралады. Бұл мәселе ұлттық экономика министрлігінің құзыретіне кіреді. Онымен табиғи монополияларды реттеу комитеті айналысады.

"Тұтынушыларға қатысты тарифтерді реттеу мәселесі басқа уәкілетті органның құзыретіне кіреді. Сондықтан ол туралы ештеңе айта алмаймын. Бірақ энергия өндіретін ұйымдардың тарифтері көтерілгеннен кейін басқа кәсіпорындардың қызмет ақысы көтерілуі мүмкін. Бірақ су болсын, жылу болсын, энергия болсын, әрбір жеткізуші компанияның тарифтері жеке-дара қаралады", - деп атап көрсетті Рахымов.

Олардың электр энергиясына кететін шығындарының көлемі ескеріледі.