03 қаң, 2025 сағат 12:19

"1 наурызға дейін зерттеу жүргізіледі": Тоқаев уақыт белдеуіне қатысты пікір білдірді

Фото: dknews.kz

Мемлекет басшысы "Ana Tili" газетіне сұхбат беріп, халықты толғандырған сұрақтарға жауап берді. Қасым-Жомарт Тоқаев уақыт белдеуі мәселесіне қатысты да пікір білдірді. Президент бұл мәселе төңірегіндегі талқылаулардан хабардар екенін, үкімет пен парламент бұл мәселені қарастырып, бірігіп негізделген шешім қабылдайтынына сенім білдірді. 

"Үкімет өз шешімінің орынды екеніне сенімді және Қазақстан бір уақыт белдеуінде болуы қажет деп санайды. Уақытты дұрыс пайдалану туралы Барселона декларациясында әртүрлі уақыт белдеуін енгізуге, оны қысқы және жазғы уақытқа ауыстыруға әуес болмау қажеттігі айтылған. Дегенмен азаматтарымыз өтініш білдіріп жатыр. Үкіметтің шешіміне қатысты ашық талқылаулар жандана түсті. Меніңше, қоғамда көзқарас қайшылығын тудыратын мұндай мәселелерді мұқият талқылау қажет", – деді Тоқаев.


Мемлекет басшысы алдағы уақытта нақты ұсыныстар талқыланатынын мәлімдеді.

"Парламентте ғалымдардың, сарапшылардың және аймақ өкілдерінің қатысуымен қоғамдық тыңдау өтті. Тараптар уақыт белдеуін ауыстырудың ел экономикасына және азаматтардың тұрмысына әсері жөніндегі барлық пікірді ескере отырып, 1 наурызға дейін жан-жақты зерттеу жүргізуге уағдаласты. Содан кейін нақты ұсыныстар әзірленеді. Парламент пен Үкімет бұл мәселені байыппен зерделеп, ортақ әрі дұрыс шешімге келетініне сенімдімін", – деді Тоқаев.


Еске салайық, бұған дейін 19 қарашада премьер-министр Олжас Бектенов Қазақстанда бірыңғай уақыт белдеуін енгізу туралы шешімді үкіметтің қолдағанын мәлімдеді.

Жуырда Қазақтандағы ғылыми қоғамдастық ұсыныстар мен шешімдер ұсынған болатын.