07 қыр, 2022 сағат 12:25

1 қыркүйекке дейін әкелінген қандай көліктер тіркелмейді?


Мемлекет басшысы "Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам" Жолдауында Үкіметке биылғы 1 қыркүйекке дейін елімізге әкелінген шетелдік көліктерді заңдастыруды тапсырды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев алғашқы тіркеу және утилизацияға жіберу үшін төлем құны 200-250 мың теңгеден аспауы тиіс екенін атап өтті.

Қазір уәкілетті мемлекеттік органдар мен ұйымдар заңнамалық актілерге әкелінген шетелдік автокөліктерді азаматтар үшін қолайлы жағдайда заңдастыруға мүмкіндік беретін түзетулер енгізіп жатыр, сондай-ақ, оны жүргізу тетіктері әзірленіп жатыр.

2022 жылғы 1 қыркүйекке дейін Қазақстанға әкелінген барлық көлік бойынша Ішкі істер, Мемлекеттік кірістер және Ұлттық қауіпсіздік органдары (Шекара қызметі) арасында ақпарат алмасу мәселелері пысықталған. Мұндай көліктер туралы мәліметтерді ІІМ белгіленген мерзімнен кейін әкелінген автокөліктерді заңдастыруды болдырмау үшін жинақтайды.

1 қыркүйектен кейін Қазақстанға әкелінген автокөліктерден басқа криминалдық есеп бойынша іздеуде жүрген, заң немесе сот тарапынан шектеулері бар, бұрын тіркелген елдегі есептен белгіленген тәртіппен алынбаған, басқару органдары оң жақта орналасқан, сондай-ақ, тіркеуден немесе толық кедендік тексерістен өтпеген, иелерінің тіркеу және құқық белгілейтін құжаттары жоқ көліктер заңдастырылмайды.

Сондай-ақ, криминалдық автокөлікті тіркеуді болдырмау мақсатында көлік бойынша ақпарат бұрынғы тіркелген елдердің құқық қорғау және кеден органдарымен салыстырылады.

"Азаматтарды Қазақстанда көлікті тіркеу және пайдалану мүмкіндігі үшін оны сатып алу кезінде заңнаманы сақтауға, олардың заңды "тазалығын" міндетті түрде тексеруге шақырамыз", - делінген ведомство хабарламасында.