11 мам, 2020 сағат 12:10

1 қазанға дейін заңды тұлғалар мен кәсіпкерлерге қатысты банкроттық процедурасын қозғауға тыйым салынды

2020 жылдың 1 қазанына дейін заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлерге қатысты банкроттық процедураны қозғауға тыйым салынады.

Бұл туралы Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның қорытынды отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат

«Өкінішке қарай, бүкіл әлемдегідей біз де барлық кәсіпорындар мен барлық жұмыс орындарын сақтап қалып, әрбір бизнестің тұрақтылығын қамтамасыз ете алмаймыз. Сондықтан төтенше жағдай режимінің енгізілуінен барынша зардап шеккен экономика секторлары үшін нормативтік деңгейде төтенше жағдай режимінің енгізілуі форс-мажорлық жағдай деп мойындау маңызды. Бұл ретте жеке кәсіпкерлік және шағын бизнес өкілдері сотқа жүгінген кезде төтенше жағдай форс-мажорлық жағдай деп мойындалуы тиіс», - деді ҚР Президенті. 

Сонымен қатар Мемлекет басшысы осынау қиын-қыстау кезеңде жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлердің экономикалық белсенділігін қолдау, жекеменшік пен бәсекелестікті қолдау маңызды екендігіне назар аудартты. 

«Жосықсыз кредиторлар тарапынан қысымға жол бермеу мақсатында осы жылдың 1 қазанына дейін заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлерге қатысты банкроттық процедурасын қозғауды тоқтатуды тапсырамын», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.